Қазақстан мен Ресейдің құқық қорғау органдары іздеуде жүрген қылмыскерлерді анықтау бағытындағы бірлескен жұмысты күшейтті. Жыл басынан бері Ресей аумағында Қазақстан іздеген 27 адам анықталған. Оның 14-і ұсталып, қалғандарының жүрген жері белгілі болды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ал қазақстандық полицейлер Ресей тарапы іздеген 212 адамды анықтаған. Олардың ішінде 31 күдікті ұсталып, 180 адамның орналасқан жері нақтыланған.
ІІМ мәліметінше, халықаралық іздеуде жүргендердің бірі Ақтау әуежайында қолға түскен.
“Ол Бакуге ұшып кетпек болған кезде ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Тергеу дерегіне сәйкес, күдікті 2012 жылы Ресейдің Калуга қаласында жанжал кезінде әйел адамды шабатын затпен үш рет соққы жасап өлтірді деген күдікке ілінген”, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ Владикавказ қаласында аса ірі көлемдегі алаяқтық бойынша іздеуде жүрген Қазақстан азаматы ұсталды. Тергеу мәліметінше, ол Шымкентте Toyota Camry көлігін сатып беремін деп алып, кейін жалған құжатпен басқа адамға сатып жіберген. Келтірілген шығын көлемі 20 миллион теңгеге бағаланып отыр.
Қазақстан ІІМ мұндай бірлескен жұмыстар қылмыскерлерді жедел анықтауға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.