Қырғызстанның Бішкек қаласында көркем гимнастикадан Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Астаналық спортшылар 15 медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Чемпионаттың алғашқы күнінде №1 Сениорлар құрамасы 263,65 ұпай жинап, күміс жүлдеге қол жеткізді. №1 юниорлар құрамасы да 140,5 ұпаймен командалық көпсайыстың күміс жүлдегері атанды.
Жарыстың келесі күндері де астаналық спортшылар жанкүйерлерін қуантты. Линара Жайлауова құрсау жаттығуында 25.20 ұпай жинап, Азия чемпионы атанды.
Ал, Айғаным Рысбек доп бағдарламасында 24.05 ұпаймен күміс медаль иеленді.
Топтық жаттығуда №1 Сениорлар құрамасы қола медаль жеңіп алды. №1 Юниорлар құрамасы 5 доп финалында да күміс жүлдеге қол жеткізді.
Финалдық жарыс күнінде де елордалық спортшылар жоғары нәтиже көрсетті. Анель Дінішева таспа жаттығуында 24,60 балл жинап, Азия чемпионы атанды. Анна Рубцова ұршық бағдарламасында 25,20 ұпаймен күміс медаль жеңіп алды.
№1 Юниорлар командасы 5 лента финалында күміс жүлдеге ие болды. Ал №1 сениорлар құрамасы 5 доп бағдарламасында 26,30 балл жинап, күміс медаль жеңіп алды. Сонымен қатар 3 құрсау және 4 ұршық бағдарламасының финалында да күміс жүлдегер атанды.
Ақмарал Ерекешева да финалдық кезеңде сәтті өнер көрсетіп, құрсау және доп бағдарламаларында екі қола, ал ұршық жаттығуында күміс медаль еншіледі.
Осылайша, Азия чемпионатының қорытындысы бойынша астаналық спортшылар 2 алтын, 10 күміс және 3 қола медаль жеңіп алып, құрлық додасын ерекше нәтижемен аяқтады.