Жазушы Мұхтар Мағауиннің 60 жылға жуық отасқан өмірлік серігі Бақытжамал МАҒАУИНА қаламгердің ерекше мінезі туралы айтып берді, деп хабарлайды Juzmedia агенттігі.
Бақытжамал Мағауинаның айтуынша, жазушы жастайынан үйдің жалғызы болып, ерке өскен. Осы қасиеті оның мінезіне де әсер еткен. Ерекше мінезі мен дара болмысы көпшілікке түсініксіз болғанымен, оны шынайы түсінетін адамдар ғана жақын бола алған.
“Екі сөзді басынан асырмайды. Әлі күнге солай ғой. Жазушылардың да ортасында солай. Көп адам түсінбейді. Оны жынды деп ойлайды, бірақ ол өзінің есебін біледі. Бірақ түсінетін адамдар түсінеді, көрініп тұрады ғой. Бірақ үйде жылы, жайлы. Балаларын жақсы көреді”, – деді зайыбы Бақытжамал Мағауина.
Шығармашылық ортада өзіндік даралығымен ерекшеленген Мұхтар Мағауиннің бұл қасиеті оның қаламгерлік жолындағы табандылығы мен ерекше стилінің негізі болғандай.
М. Мағауиннің өмірлік жарының бұл сөздері жазушының күрделі болмысын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Әр талантты адамның табиғаты өзіне тән жұмбаққа толы екенін тағы бір мәрте дәлелдегендей.
Айта кетейік, Juzmedia ұсынып отырған Мұхтар Мағауиннің соңғы сұқбаты 2023 жылы қараша айында жазушының Түркиядағы үйінде жазып алынған. Сұқбат барысында кей видео журналист Ая Өміртайдың жеке архивінен алынып, пайдаланылды. Бұл шығарылымда жазушының зайыбы Бақытжамал Мағауинаның естеліктері берілді.
Мұхтар Мағауин - жазушы, тарихшы, көптеген тарихи, деректі романдардың авторы. Ол АҚШ-та 9 қаңтар күні 19:55-те 85 жасқа қараған шағында өмірден озды.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.