Петропавл қаласындағы №42 орта мектептің бас бухгалтері мен информатика пәнінің мұғаліміне қатысты үкім шықты. Олар білім беру мекемесінің бюджетінен шамамен 90 миллион теңге жымқырды деп танылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Qazaqstan Media басылымының жазуынша, заңсыз схема бес жыл бойы жұмыс істеген. Бас бухгалтер мектеп директорларының электронды цифрлық қолтаңбаларын пайдаланып, жалақы, демалыс ақысы мен сыйақылар төлеу туралы құжаттарға қол қойған. Алайда төлемдер өз пайдасына бірнеше есе артық есептеліп отырған.
Күдік тудырмас үшін қаржының бір бөлігі мектеп қызметкерлерінің атына рәсімделген. Кейін бухгалтер әріптестерінен өзінің «бұғатталған есепшотына» байланысты көмектесуді сұрап, ақшаны олардың банк карталары арқылы алып отырған. Мұғалімдердің есепшоттарына жалақы немесе аванс ретінде ірі көлемдегі қаржы түскен.
Тергеу нұсқасына сәйкес, кейін бұл схемаға информатика пәнінің мұғалімі де тартылған. Оның есепшоттары арқылы да қомақты қаражат өткен. Кей жағдайда ақша бірнеше адамның шоты арқылы аударылып отырған.
Іс материалдарында мектептің 14 қызметкерінің аты аталады.
Айыптау тарапының дерегінше, жымқырылған 90 миллион теңгенің шамамен 50 миллионын бухгалтердің өзі иеленсе, тағы 25 миллион теңгеден астам қаржы информатика мұғалімінің есепшоттары арқылы өткен.
Көптеген қызметкер заңсыз төлемдер туралы тек 2024 жылғы аудиттен кейін білген. Тексеру нәтижесінде кейбірі мемлекетке шамамен 10 миллион теңгені өз еркімен қайтарған.
Осы уақыт ішінде мектепте үш директор ауысқанымен, олардың барлығы бухгалтердің әрекеттерінен бейхабар болғанын айтқан.
Нәтижесінде сот алдында тек бас бухгалтер мен информатика мұғалімі жауап берді. Сот бухгалтерді баласының болуына байланысты жазасын бір жылға шегере отырып, сегіз жылға бас бостандығынан айырды. Ал мұғплім жеті жылға сотталды.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.