homepage
t.me/halyqstan

Павлодар облысындағы ұшақ апаты: ұшқыш 29 жасқа толған күні қаза тапқан

27.05.2026, 16:21

Павлодар облысында апатқа ұшыраған Ан-2 ұшағында қаза болған ұшқыштың бүгін 29 жасқа толғаны белгілі болды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін, яғни 27 мамырда Ан-2 ұшағы Железинка ауылы маңындағы Ертіс өзенінің алқабына құлаған. ҚР Көлік министрлігінің мәліметінше, әуе кемесі сол сәтте авиациялық-химиялық жұмыстарды орындап жүрген.

Нalyqstan Телеграм-арнасының дерегінше, ұшақ электр желілеріне тиіп кетіп, кейін суы толық қайтпаған жайылма аумағына құлаған. Ұшақ бортында екі экипаж мүшесі болған.

1997 жылы туған ұшқыш оқиға орнында көз жұмды. Ал 1998 жылы туған екінші ұшқышты құтқарушылар зақымданған ұшақ ішінен алып шыққан.

Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, зардап шеккен азамат «политравма» диагнозымен жансақтау және қарқынды терапия бөліміне жеткізілген.

«Науқастың жағдайы ауыр. Оған қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр, дәрігерлер тұрақты бақылауда ұстап отыр», — деп мәлімдеді бірінші қалалық аурухана өкілдері.

Құлаған Ан-2 ұшағы «Жеңіл және аса жеңіл авиацияны пайдаланушылар» заңды тұлғалар бірлестігіне тиесілі болғаны белгілі болды.

Қазіргі уақытта оқиға орнында Көлік министрлігінің мамандары жұмыс жүргізіп жатыр.