Қостанай облысы Арқалық қаласында орналасқан №5 жалпы білім беретін мектептің шатыры толықтай өртеніп кетті. Бұл туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Өрт 26 мамырда кешкі уақытта төрт қабатты мектеп ғимаратында болған. Құтқарушылардың мәліметінше, жалын қысқа уақыт ішінде шатырдың 1100 шаршы метр аумағына таралған.
Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, өрт туралы хабар түскеннен кейін алғашқы өрт сөндіру бөлімі оқиға орнына үш минут ішінде жеткен.
– Өртті сөндіруге өрт сөндіру бөлімдерінің және ТЖМ жедел-құтқару жасағының күштері жұмылдырылды. Оқиға орнында полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадасы да жұмыс істеді. Суды үздіксіз беру үшін ғимараттан шамамен 300 метр қашықта орналасқан екі өрт гидранты пайдаланылды, – деп мәлімдеді ведомство.
Өрт сағат 22:41-де оқшауланып, құтқарушылар шатыр конструкцияларын бұзу жұмыстарын жалғастырған. Тілсіз жауды толықтай сөндіру 23:40-та аяқталды.
ТЖД мәліметінше, өрттің жалпы аумағы 1100 шаршы метрді құраған. Зардап шеккендер жоқ.
Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының баспасөз қызметі мектеп ғимаратында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Жөндеу жұмыстарын «Алматытелефонстрой» акционерлік қоғамы атқаруда. Жоба 2025–2026 жылдарға жоспарланған. Осыған байланысты мектепте сабақтар уақытша өткізілмей келген.
Әлеуметтік желілерде тараған видеоларда мектеп ғимаратының үстінен қою қара түтін көтерілгені көрінеді. Оқиғаға қатысты тексеру жұмыстары басталды.