Ұлттық экономика министрлігі екі және одан да көп баспанасы бар азаматтарға салықты көтеру туралы ұсынысқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Juzmedia.kz агенттігі LS-ке сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеке тұлғалардың мүлкіне қатысты жиынтық шекті құн мөлшері 450 миллион теңге болып белгіленген. Егер меншік құны осы сомадан асса, онда мүлік салығына жоғары мөлшерлеме қолданылады.
Министрлік өкілдері бұл тетік негізінен құны өте жоғары жылжымайтын мүлік нысандарын салықтық әкімшілендіруге бағытталғанын атап өтті. Яғни, бұл өзгеріс баспана иелерінің басым бөлігіне әсер етпейді.
Сондай-ақ ведомство аталған нормалар биыл ғана күшіне енгенін, қазіргі таңда оларды қолдану тәжірибесі қалыптасып жатқанын жеткізді.
Осыған байланысты министрлік әзірге екі және одан көп пәтері бар азаматтарға қосымша салық енгізу немесе қолданыстағы талаптарды күшейту жоспарда жоқ екенін мәлімдеді.