homepage
facebook.com/Duisenali-Alimakhyn

Астанада ескерткішке шығып суретке түскен бойжеткен жауапқа тартылды

27.05.2026, 14:26

Астанада қазақтың көрнекті жазушысы әрі қоғам қайраткері Бейімбет Майлиннің ескерткішіне шығып суретке түскен 18 жастағы бойжеткен әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Оқиға елордадағы «Үш арыс» аллеясында болған. Әлеуметтік желіде тараған видеода ескерткіш композициясындағы мүсіндердің біріне мініп алған бойжеткеннің фотосессия жасап жатқанын көруге болады. Кадрларда ол мүсіннің мойнына отырып, аяғын салбыратып суретке түскен.

Видео желі қолданушылары арасында қызу талқыланып, көпшілік бұл әрекетті тарихи тұлғаға және қоғамдық орынға көрсетілген құрметсіздік деп бағалады.

Кейін полиция қызметкерлері бойжеткеннің жеке басын анықтады. Ол Астананың 18 жастағы тұрғыны болып шыққан. Құқық қорғау органдары оны Байқоңыр аудандық полиция басқармасына жеткізген.

Полиция мәліметінше, бойжеткен ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Іс материалдары сотқа жолданды.

Құқық қорғау органдары мәдени мұра нысандарына және ескерткіштерге қатысты мұндай әрекеттерге жол берілмейтінін ескертті. Сондай-ақ ескерткіштерді қасақана бүлдіру вандализм ретінде бағаланып, тіпті қылмыстық жауапкершілікке де әкелуі мүмкін екені атап өтілді.

Айта кетейік, «Үш арыс» монументі қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері — Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин және Ілияс Жансүгіровге арналған. Монумент тұғырында арнайы QR-код орнатылған, оны сканерлеу арқылы жазушылардың өмірі мен шығармашылығы туралы ақпарат алуға болады.