homepage
polisia.kz

Алматыда ұрланған қару-жарақ жасырылған орын анықталды

27.05.2026, 12:49

Алматыда өтіп жатқан «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында полицейлер ұрланған атыс қарулары сақталған жасырын орынды тапты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шаралары кезінде Алатау ауданындағы жеке тұрғын үйлердің біріне жақын аумақтан қару жасырылған қойма анықталған.

Тексеру барысында аталған орында қару-жарақ дүкенінен ұрланған екі қос ұңғылы мылтық сақталғаны белгілі болды. Қазіргі уақытта тәркіленген қарулар сот-баллистикалық сараптамаға жіберілді.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Алматы қалалық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Асхат Дәулетияровтың айтуынша, заңсыз айналымдағы қаруды анықтау және тәркілеу жұмыстары тұрақты түрде жалғасуда.

– «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасының негізгі мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ заңсыз сақталған және ұрланған қару-жарақты анықтап, айналымнан шығару. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жүргізіледі, – деді Асхат Дәулетияров.