homepage
Shutterstock

Павлодар облысында Ан-2 ұшағы апатқа ұшырап, бір адам қаза тапты

27.05.2026, 12:11

Павлодар облысында Ан-2 ұшағы құлап, салдарынан бір ұшқыш қаза тапты. Қайғылы оқиға 27 мамырда Железин ауылы маңында болған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

ҚР Көлік министрлігінің мәліметінше, «Жеңіл және аса жеңіл авиация пайдаланушылары» (ЭЛИСА) заңды тұлғалар бірлестігіне тиесілі Ан-2 ұшағы авиациялық-химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізіп жатқан. Алдын ала деректер бойынша, әуе кемесі электр тарату желілеріне тиіп кетіп, артынша апатқа ұшыраған.

“Ұшақ бортында екі экипаж мүшесі болған. Оқиға салдарынан бір ұшқыш оқиға орнында көз жұмды. Екінші пилотты Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері ұшақ ішінен шығарып алған. Ол аман қалғанымен, түрлі жарақат алған”, – делінген хабарламада.

Тірі қалған ұшқыш апаттар медицинасы орталығының арнайы бортымен Железин аудандық ауруханасынан Павлодар қалалық №1 ауруханасына жеткізілуде. Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, 1998 жылы туған пилот политравма бөліміне жатқызылады. Дәрігерлер оның жағдайына қатысты қосымша ақпарат кейінірек берілетінін айтты.

ҚР Көлік министрлігі қолданыстағы заңнамаға сәйкес аталған авиациялық оқиғаны Көліктегі оқиғалар мен апаттарды зерттеу жөніндегі департамент тексеретінін мәлімдеді. Қазіргі уақытта оқиға орнына арнайы мамандар жіберіліп, апаттың нақты себептері анықталып жатыр.

Мамандардың айтуынша, авиациялық-химиялық жұмыстар кезінде төмен биіктікте ұшу қауіп деңгейін арттырады. Сондықтан мұндай рейстерде техникалық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау аса маңызды.