homepage
augsburg-journal.de

Астанада велосипед мінген баланы жүк көлігі басып өлтірді

27.05.2026, 10:58

Астанада жүк көлігі велосипед мінген жеткіншекті қағып кетті. Жол апаты  салдарынан мектеп оқушысы оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Қайғылы жағдай 26 мамырда Байқоңыр ауданында, Тәуелсіздік даңғылы мен Пушкин көшесінің қиылысында болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, Mercedes маркалы жүк көлігінің жүргізушісі Тәуелсіздік даңғылымен келе жатып, Пушкин көшесіне оңға бұрылған кезде жолды кесіп өтіп бара жатқан велосипедшіні қағып кеткен.

Ауыр жарақат алған жасөспірім оқиға орнында қайтыс болды.

Белгілі болғандай, марқұм елордадағы №27 мектептің 5-сынып оқушысы болған.

Куәгерлердің айтуынша, бала ірі жүк көлігінің «көзге көрінбейтін аймағында» қалып қоюы мүмкін. Осындай көліктер бұрылыс кезінде айналасын толық көре алмайтындықтан, велосипедшілер мен жаяу жүргіншілер үшін ерекше қауіп тудырады.

Аталған дерек бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Жүк көлігі коммуналдық тұраққа қойылып, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Полиция жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, әсіресе мектеп маңында, аулаларда, жаяу жүргіншілер өткелдерінде және бұрылыстарда барынша мұқият болу қажеттігін ескертті.

Мамандардың айтуынша, рөлдегі бір сәттік немқұрайлықтың өзі адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан жүргізушілер де, велосипедшілер де жолда аса сақ болғаны жөн.