Juzmedia агенттігі 2025 жылы қаңтарда өмірден өткен Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар МАҒАУИННІҢ соңғы сұқбатын жариялады. Журналист Ая Өміртайға берген сұқбатында қаламгер ұлт руханияты мен қазақ тілінің болашағы туралы алаңдаушылық білдірген.
Сұқбатта Мағауин Қазақстан халқының саны артатынын, болашақта қазақтардың үлесі 85-90%-ға жететінін болжай отырып, қазақ тілінің сақталуына ерекше мән беру керек екенін атап өтті. Ол балалардың орыс мектептеріне баруын қатты сынға алып, бұл үрдіске бейресми түрде тоқтау салу қажеттігін айтты. Ақмолада бірінші сыныпқа баратын балалардың 40%-ының орыс тілін таңдауына алаңдаған жазушы ата-аналардың мұндай таңдау арқылы балаларының болашағына қауіп төндіретінін ескертті.
“Қазақстандағы қазақ халқының саны 85-90 процент болады сендердің кезіңде. Кейінгі балалардың орысшаға баруы дегенге түгелдей тоқтау салу керек. Әртүрлі жолмен. Ақмолада, Ақмола немесе Қараөткел. Астана деген сөзді айтқым келмейді. Мола деген сөздің өзі қазақта қасиетті сөз. Ақмола “белая могила” емес, кәдімгі “ақ мавзолей” деген сөз ғой. Сонда Ақмолада бірінші сыныпқа баратын балалардың 40 проценті орысшаға барады. Ол баланың алдында 60-70 жыл өмірі тұр. Сонда не болады? Оған бейресми түрде үгіт-насихат жүргізуі керек, тоқтау салу керек. Ата-аналары ол балаларының ертеңгі болашағына балта шауып отыр. Заман өзгереді, қазіргіден де өзгереді”, - деген еді қаламгер.
Сондай-ақ Мағауин Ақмола атауының тарихи және рухани маңыздылығын ерекше атап өтті. Ол “Ақмола” сөзінің “белая могила” деген қасаң мағынасына қарсы шығып, бұл атаудың қазақ мәдениеті үшін қасиетті мәнге ие екенін айтты. Жазушы қазақ атауларының түпкі мәнін қорғау арқылы ұлттық құндылықтарға құрметпен қарауға шақырды.
Айта кетейік, Juzmedia ұсынып отырған Мұхтар Мағауиннің соңғы сұқбаты 2023 жылы қараша айында жазушының Түркиядағы үйінде жазып алынған. Сұқбат барысында кей видео журналист Ая Өміртайдың жеке архивінен алынып, пайдаланылды. Бұл шығарылымда жазушының зайыбы Бақытжамал Мағауинаның естеліктері берілді.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.