Бүгін Тоқаев Ақордада халықаралық аренада салмағы бар тұлғаларды қабылдап, “Достық” орденімен марапаттады. Солардың бірі – Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзи. Ол – Қытайдың ең ықпалды саясаткерлерінің бірі.
Чжао Лэцзи – “Достық” орденінің иегері
Тараптар тек саясат туралы сөйлескен жоқ. Сауда-саттық, инвестиция жайы талқыланды, тұтас Орталық Азияның болашағы да сөз болды.
Президенттің айтуынша, өткен жыл қазақ-қытай қатынасы үшін тарихи кезең болды. Екі ел арасындағы сауда айналымы алғаш рет 49 миллиард долларға жеткен. Бұл — Қазақстанның сыртқы сауда тарихындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Қытайлық инвестиция көлемі 29 миллиард доллардан асты. Әсіресе логистика, энергетика, өндіріс және инфрақұрылым салаларындағы бірлескен жобалар көбейді. Соның бірі – LRT.

Кездесу барысында Тоқаев бірнеше маңызды саяси мәлімдеме жасады. Президент Қазақстанның «біртұтас Қытай» қағидатын қолдайтынын және «Орталық Азия – Қытай» форматындағы ынтымақтастықты кеңейтуді жақтайтынын атап өтті. Батыс елдерінің қысымы күшейіп, геосаяси бәсеке үдеп тұрған қазіргі кезеңде мұндай мәлімдемелер Бейжің үшін айрықша маңызға ие.
Қытай парламентінің төрағасы Чжао Лэцзи өз кезегінде Тоқаев пен Си Цзиньпин арасындағы жеке байланыс екі ел қарым-қатынасын жаңа деңгейге шығарғанын айтты.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Чжао Лэцзиді І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. Бұл марапат әдетте Қазақстанның сыртқы саясатындағы ерекше рөл атқарған тұлғаларға беріледі.
Рафаэль Гросси – “Достық” орденінің иегері
Сондай-ақ, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) бас директоры Рафаэль Гроссиді қабылдап, оның кеудесіне де І дәрежелі «Достық» орденін тақты. Марапат Қазақстан мен халықаралық агенттік арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін берілді.
Кездесуде көп мәселе айтылды. Бірақ, бұл кездесудің нақты нәтижесі – Қазақстан мен МАГАТЭ арасында қол қойылған жол картасы. Құжат Қазақстан мен халықаралық ұйым арасындағы ынтымақтастықты тереңдете түспек және ол 2036 жылға дейін жоспарланған.
Айтпақшы, Рафаэль Гросси БҰҰ Бас хатшысы лауазымына үміткерлердің бірі. Әрине, Тоқаев бұл ретте үнсіз қалған жоқ, сәттілік тіледі.