Қазақстанда зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалану шектерін есептеу тәртібі өзгерді. Үкімет тиісті қаулыны қабылдап, ең төменгі жеткіліктілік шегін есептеудің жаңа әдістемесін бекітті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Жаңа тәртіпке сәйкес, енді есептеу кезінде ең төменгі зейнетақымен қатар ең төменгі жалақы мөлшері де ескеріледі.
Сондай-ақ азаматтардың өмір сүру ұзақтығы, зейнетақы жинағының табыстылығы мен болашақ төлемдерді индекстеу көрсеткіштері назарға алынады.
Құжатта зейнетақы жинағының жылдық табыстылығы 9%, ал төлемдерді жыл сайын индекстеу деңгейі 8% болып белгіленген.
Сонымен қатар жеткіліктілік шегі өткен жылғы деңгейден төмен болмауы тиіс және болжамды инфляциядан 5 пайыздық тармаққа жоғары есептеледі.
Мамандардың пікірінше, бұл өзгерістер алдағы уақытта жеткіліктілік шегінің біртіндеп өсуіне әкелуі мүмкін. Соның салдарынан қазақстандықтардың баспана алу немесе емделу мақсатында БЖЗҚ-дан шешіп ала алатын қаражаты азаюы ықтимал.
Жаңа әдістеме 5 маусымнан бастап күшіне енеді. Ал 2026 жылға арналған жаңа жеткіліктілік шектері маусым айында жарияланады.