Жетісу облыстық полиция департаментінің мәліметінше, бала 25 мамырда кешкі сағат 19:30 шамасында үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған. Арада 20 минут өткенде оның жоғалғаны туралы «102» арнасына хабар түскен, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Осыдан кейін Шығыс шағынауданында ауқымды іздестіру жұмыстары ұйымдастырылды. Іздеуге полиция қызметкерлері, ТЖД бөлімшелері, кинологтар мен еріктілер жұмылдырылды.
Мамандар аулаларды, бос жатқан аумақтарды, өзен жағасын тексеріп, іздеу аймағын кеңейту үшін жылу камерасы бар дрон қолданған.
Іздеу жұмыстары түні бойы жалғасты.
“Өкінішке қарай, 26 мамырда таңғы сағат 05:00 шамасында Қаратал өзенінен баланың денесі табылды”, – делінген ПД хабарламасында.
Алдын ала мәлімет бойынша, баланың денесінен зорлық-зомбылық белгілері анықталмаған. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тексеру жүргізіліп жатыр.
Жетісу облысының полиция департаменті марқұм баланың туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Сондай-ақ ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне мұқият болуға және кәмелетке толмағандарды қараусыз қалдырмауға шақырды.