Шетелдік маркетплейстер Қазақстанда тіркелуі керек. Себебі интернет-сауданың дамуына байланысты қазақстандық тұтынушылардың шетелдік маркетплейстерге деген шағымдар саны көбейіп кеткен. Үкімет отырысында осылай деген Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев нарықта шетелдік маркетплейстер саны артқан сайын, бәсекелестік те артып келе жатқанын атап өтті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Сонымен қатар елдер арасындағы айтарлықтай қашықтыққа байланысты тауарларды қайтару немесе айырбастау талаптарын орындау көбінесе мүмкін болмай отыр.
«Мұндай мәселелер шетелдік маркетплейстер мен сатушылар Қазақстан юрисдикциясынан тыс жерде орналасқандықтан туындап отыр. Бұл өз құқықтарын толықтай қорғай алмайтын тұтынушылар үшін қауіп-қатерлерді тудырады. Олардың халықаралық тәжірибесін және қазіргі жағдайды ескере отырып, тауарлардың қауіпсіздігі, контрафактіге қарсы күрес, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, жеке деректерді сақтау және қорғау жөніндегі талаптарды сақтау бөлігінде отандық платформалардан төмен емес шетелдік платформалардың жұмысы үшін міндетті шарттарды енгізуді ұсынамыз. Салықтық және кедендік ашықтық. ЕО тәжірибесі бойынша шетелдік интернет-платформалар мен дүкендерді тіркеу үшін электрондық платформаны енгізу ұсынылады» – деді министр.
Сондай-ақ Арман Шаққалиев шетелдік интернет-дүкендер арқылы сатып алынатын тауарлардың сертификаттау рәсімінен өтпейтініне, бұл өнімнің қауіпсіздігі мен сапасына қауіп төндіретініне де назар аударды.
Айта кетсек, 2024 жылдың 11 айы бойынша алдын-ала жасалған деректерге сәйкес, Қазақстандағы электрондық сауда көлемі шамамен 3,2 трлн теңгені құрады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бөлшек сауда көлемінен жоспарланған 14,5%-дан 15%-ға дейін артуы болжанып отыр.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.