homepage
Depositphotos.com

Мемлекеттік сатып алудағы алаяқтық: 490 млн теңге заңсыз табыс анықталды

26.05.2026, 09:37

Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті мемлекеттік сатып алу саласындағы алаяқтық дерегі бойынша тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Тергеу мәліметінше, «KazStroyExpert LTD» ЖШС-нің басшысы коммерциялық ұйымдарға құрылыс саласындағы жалған жұмыс тәжірибесін жасап беру схемасын ұйымдастырған. Ол үшін «Электрондық депозитарий» жүйесіне орындалған жұмыстар мен нысандарды пайдалануға беру туралы жалған актілер енгізілген. Соның нәтижесінде компаниялар мемлекеттік сатып алуларға заңсыз артықшылықпен қатысқан.

Аталған схема әлеуметтік желілер мен интернет арқылы жарнамаланған. Қылмыстық топ құрамында 11 адам болған. Сонымен қатар, Шымкент қаласы әкімдігіне қарасты басқарма қызметкерлеріне заңсыз сыйақы жеткізіп отырған делдалдар да анықталды.

«Тергеу барысында жалған жұмыс тәжірибесін пайдаланып, мемлекеттік сатып алуға қатысқан 56 компания анықталды. Қылмыстық табыс көлемі 490 млн теңгеден асқан», – делінген ҚМА хабарламасында.

Қазір үш күдікті қамауға алынып, тағы сегіз адамға қатысты бұлтартпау шарасы қолданылды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.

Мамандардың айтуынша, мұндай заңсыз схемалар адал бәсекелестікке кері әсер етіп, сапасыз жобалардың жүзеге асу қаупін күшейтеді.