Бүгін 25 мамыр, яғни тағы бір оқу жылы аяқталды. Бүгін елімізде 215 мыңнан астамы оқушы мектеп бітірді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 3,9 миллионнан астам қазақстандық оқушы оқу жылын аяқтады.
Оқу жылының қорытындысы бойынша 9-сыныпты үздік аяқтауға үміткерлер саны 31 мыңнан астам. Қорытынды емтихандар 29 мамыр мен 11 маусым аралығында өтеді. Ал, 11-сыныпты үздік аяқтауға 18 мың оқушы үміткер. Оларға арналған мемлекеттік емтихандар 2-15 маусым аралығында өтеді. Оқушылар бес емтихан тапсырады, оның бірі ауызша форматта өтеді.
Негізгі және жалпы орта білім туралы аттестаттарды тапсыру салтанаты білім беру ұйымдарында 2026 жылғы 17–18 маусым аралығында өтеді. Аттестат тапсыру іс-шарасы мектеп басшысының бұйрығы негізінде, ата-аналар комитетімен келісу арқылы мектеп ғимаратында өткізіледі.
Бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі мектеп қабырғасынан тыс жерде салтанатты кештер өткізуге тыйым салған. Аттестаттарды табыстау рәсімі тек мектеп ғимараттарында ұйымдастырылуы тиіс деген қатаң талап қойылды.