«Егер заң бұзылса, ешкім де, тіпті менің ең жақын досым болса да жауапкершіліктен қашып құтылмайды». Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровтың бұл сөзі саяси сахнада нақты іске асты. Орталық Азияны алты жыл бойы таңғалдырған, мызғымастай көрінген «достар тандемі» ресми түрде келмеске кетті.
Қырғызстанның ең құдіретті генералы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) бұрынғы төрағасы Қамшыбек Ташиев енді билік биігінде емес. Айыпталушы. Тағылған баптар да ауыр: жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыру және мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттену. ІІМ-нің Бас тергеу басқармасындағы бірнеше сағаттық жауап алу, лауазымды тұлғалардың мандаттан бас тартуы және ҰҚК-ның жаппай қайта құрылуы елдегі саяси тектоникалық қозғалыстың айқын көрінісі.
Бұл шынымен сәтсіз шыққан төңкеріс пе, әлде Жапаровтың ескі элитаны түпкілікті тазарту үшін жасаған «супер-операциясы» ма? Мақаламызда осы сұраққа жауап іздеп көреміз.
Даудың басы - «75-тің хаты»
Саяси дағдарыстың белсенді фазасы осы жылдың ақпан айында басталды. Сахнаға «75 азаматтың ашық хаты» деп аталатын құжат шығып, онда Президент Садыр Жапаров пен Жогорку Кенеш төрағасына мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізу туралы талап қойылды.
Бір қарағанда бұл жай ғана белсенділердің демократиялық бастамасы сияқты көрінгенімен, іс жүзінде ол билік ішіндегі үлкен тазарту науқанына жол ашты: Ташиев қызметінен қуылып, Парламент спикері Н. Тургунбекұлы пен депутат К. Зулушев мандаттарын өткізді.
Бұл хаттың артында қандай шынайы әлеуметтік-экономикалық проблемалар тұрды? «Новые лица» газетінің бас редакторы Лейла Саралаеваның айтуынша, халықтың наразылығына негіз жоқ емес:
«Хаттың екінші бөлімінде Жапаров билікке келгелі туындаған мәселелер ашық жазылған. Мысалы, мемлекеттік қарыз 12 миллиард долларға жетті. Қоғам сырттан алынған қомақты кредиттердің қайда жұмсалып жатқанына күмәнмен қарайды. Өмір сүру деңгейі қымбаттап, 2 миллион қырғыз (оның ішінде 1 миллионы балалар) кедейлік шегінде өмір сүріп жатыр. Көптеген азаматтардың табыс табу үшін шетел асуы - үлкен сын».
Төңкеріс әрекеті ме?
Тергеу органының пайымынша, 75 белсендінің хаты жай ғана халықтың мұңы емес, жоғары эшелондағы шенеуніктердің Жапаровты тақтан тайдыру үшін дайындаған заңдық құралы болған. Қазіргі таңда бұрынғы үш алпауыт шенеунікке - Камшыбек Ташиевке, Курманкул Зулушевке және Нурланбек Тургунбекұлына ресми түрде мемлекеттік төңкеріске әрекет жасау бабы бойынша айып тағылды. Садыр Жапаров бұл жағдайға байланысты өз ұстанымын кесіп айтты:
Садыр Жапаров, Қырғыз Республикасының Президенті:
«Оның бұл іске қатысы бар-жоғын тергеу мен сот анықтайды. Кімнің кінәлі, кімнің кінәсіз екендігі туралы түпкілікті шешімді сот қабылдайды. Билікке келген сәттен бастап мен үшін "дос", "туыс", "жақын адам" деген ұғымдардың жоқ екенін, мемлекет пен халықтың мүддесі әрқашан басты орында тұратынын бірнеше рет мәлімдедім».
Ташиевті саяси сахнадан ығыстыру - үлкен шахмат партиясының бір ғана жүрісі. Садыр Жапаров жеке тұлғаны ғана емес, бүкіл мемлекеттік жүйені өз мүддесіне сай қайта форматтауға кірісті. Конституциялық сот ресми түрде мерзімінен бұрын сайлау болмайтынын, президенттік сайлау тек заңмен бекітілген мерзімде - 2027 жылдың қаңтарында өтетінін мәлімдеді. Бұл оппозиция мен амбициясы бар топтардың үмітін біржола үзді. Ең басты интрига - Президент әкімшілігінің Конституциялық сотқа жолдаған сұрауында жатыр. Саясаттанушы Қазыбек Майгелдинов бұл процесті былай түсіндіреді:
«Жапаровтың Конституциялық сотқа Президент өкілеттілігін қаншалықты ұзартуға болатыны туралы сұрау салуы - біз 2022 жылы бас тартқан «суперпрезиденттік модельге» қайта қадам жасап жатқанымыздың белгісі. Бұл Президенттің рөлін мейлінше күшейту».
Ташиевтің жұмбақ фотосы
Суперпрезиденттік басқару жүйесі «қос билікті» көтермейді. Онда тек бір ғана орталық болуы шарт. Қазіргі таңда қырғыз қоғамы бұл оқиғаға байланысты үш түрлі лагерьге бөлінді:
Осы тұста Ташиевтің әлеуметтік желіде тараған, сақал-мұрты өскен, айбынынан айырылған суреті де көп нәрсені аңғартса керек. Саяси шолушы Данеш Асқарбекұлы бұл фотоның астарында үлкен месседж жатқанын айтады:
«Ташиев жағдайды ушықтыруға дайын емес сияқты. Саясатта мұндай тұлғалар бір-біріне фото арқылы да месседж жібереді. Ол фотода қарапайым адам құсап тұр. Бұл арқылы ол көп нәрсеге көндіккенін, келісімге дайын екенін білдіріп отырған сияқты».
Кландар соғысы: «Қырғызнефтегаз» факторы
Кейде лидерді құртатын оның өз амбициясы емес, айналасындағы командасының шектен шығуы. Ташиев Жапаровпен ашық соқтығысқысы келмегенімен, оның артында тұрған оңтүстік кланы мен туыстарының «бізге бәрі рұқсат» деген озбырлығы генералды тығырыққа тіреді.
Текетірестің ең ыстық нүктесі - «Қырғызнефтегаз» кәсіпорны болды. Бұл компания Ташиевтің туған жері Жалал-Абадты асырап отырған негізгі экономикалық күш, оңтүстік кланының басты қаржылық доноры. Ашық дереккөздерге сүйенсек, Ташиевтің командасы бұл нысанның қаржылық ағындарын бақылауда мүлдем шектен шығып кеткен. Садыр Жапаров бұл қателікті пайдаланып, сыбайлас жемқорлықты тексеру арқылы Ташиевтің жақын адамдарын қамауға алып, оңтүстік кланының экономикалық базасын тас-талқан етті.
Саяси шолушы Данеш Асқарбекұлының пайымдауынша, Қырғызстанда қанша революция өтсе де, кландар соғысы әлі шешімін тапқан жоқ:
«Ақаев билікте отырғанда да оны халық орнынан алып тастайды деп ешкім болжамаған еді. Қазір сырттай бал аша алмаймыз, бірақ билікке таласта өңір мен кландардың рөл атқаратынын ескерсек, хаос пен бейберекетсіздік болуы мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды. Ташиев пен Жапаров текетіресі және "Қырғызнефтегаз" айналасындағы дау осыны анық көрсетті».
35 жылда 6 президент
Қырғыз қоғамы «Президентті тақтан тайдырсақ, жұмақ орнайды» деген иллюзиямен өмір сүріп келді. Бірақ тарихи фактілер жүйелік қателіктің тереңде жатқанын дәлелдейді. Нақты хронологияға үңілсек, тәуелсіздік алған 35 жылға жуық уақыт ішінде елде 6 ресми президент ауысты.
Тұңғыш президент Асқар Ақаев 15 жыл билікте отырып, 2005 жылғы «Қызғалдық революциясынан» кейін Мәскеуге қашты. Оның орнына келген Құрманбек Бақиев одан да сорақы режим орнатып, 2010 жылы жүздеген адамның қаны төгілген сәуір төңкерісінен кейін Минскіге бас сауғалады. Ал Роза Отунбаева өтпелі кезеңде елді аман сақтап, билікті бейбіт түрде берген жалғыз лидер болды. Келесі басшы Алмазбек Атамбаев өз мерзімін аяқтап, тақты өз қолымен Сооронбай Жээнбековке тапсырғанымен, соңында бәрібір экс-президент мәртебесінен айырылып, түрмеге тоғытылды. Сол Жээнбековтің өзі де 2020 жылғы қазан айындағы үшінші төңкерісте билікті сақтап қала алмай, мерзімінен бұрын кетуге мәжбүр болды. Енді міне, сол үшінші төңкерістің толқынымен түрмеден бір-ақ күнде шығып, таққа отырған Садыр Жапаров та өз досы Ташиевпен арадағы соғыста дәл осы сценарийдің қайталануынан сескенеді.
Бұл хронология мәселенің президенттің кім екенінде емес, жүйеде екенін көрсетеді. Қырғызстанда мемлекетті ұстап тұратын демократиялық институттар - тәуелсіз сот, мықты парламент, заңның үстемдігі орнықпаған. Оның орнына елді әлі күнге дейін бейресми кландар мен жекелеген силовиктер басқарып келеді.
«Мемлекеттің демократиялануы туралы сөз қозғағанда біз билік басындағыларды айтамыз да, халықты ескермейміз. Бірінші кезекте халықтан, азаматтық қоғамнан сұраныс болуы керек. Сонда ғана нақты өзгерістер болады. Қырғызстанда қанша революция болса да, бұл процестер институциялануы тиіс», - дейді Данеш Асқарбекұлы.
«Қос биліктің» салдары
Көрші үйдегі өрт қашан да қауіпті. Алайда, сарапшылардың пікірінше, Астана бұл жолы Бішкектегі жағдайға алаңдамайды. Себебі, Қазақстан саяси жүйесі көрші елдің соңғы 20 жылдағы қателіктерін жіті бақылап, маңызды сабақ алды.
Қырғыз елі әр революция сайын тек тұлғаларды алмастырумен айналысса, Қазақстан жеке тұлғалардың ықпалына емес, заңдық институттардың бекемдіге иек арту стратегиясын таңдады. Конституциялық реформалар, президенттік мерзімнің бір реттік 7 жылмен шектелуі, Парламенттің рөлін күшейту - мұның бәрі болашақта қандай да бір кланның немесе силовиктің билікті уысында ұстап, төңкеріс жасау амбициясын бесігінде тұншықтыру үшін жасалған қадамдар.
Данеш Асқарбекұлы, саяси шолушы: «Қазақстанның ішкі жағдайына Қырғызстандағы саяси кризис әсер етпейді. Қазір Қазақстанда кландар соғысының алдын алу үшін институцияландыру процесі жүріп жатыр. Сондықтан осыған дейінгі революциялар қалай әсер етпесе, кейін - ондай бір қауіп болмайды».
Әрине, бұл тұрақтылық жолы Қазақстанға да оңай келген жоқ. Біздің ел де «қос билік» жүйесінің қаншалықты қатыгез екенін сезінді. 2019-2021 жылдардағы Ақорда мен Кітапхана арасындағы жасырын текетірес ақыры 2022 жылдың қаңтарындағы үлкен қасіретке әкеп соқтырды. Қаңтар оқиғасы - бір мемлекетте екі билік орталығының болуы зауал екенін дәлелдеген ең қатал сабақ болды. Дәл осы хаостан кейін ғана жүйені институционалды түрде өзгерту басталды.
Қорыта айтқанда, Қамшыбек Ташиев дәуірі ресми түрде аяқталған сыңайлы. Ол енді мемлекеттік қызметке қайта оралмайды. Бұл Президенттің үкімі. Садыр Жапаров «75-тің хатын» негізге ала отырып, өз билігіне төнген ең үлкен қауіптің көзін жойды.
Алайда, бұл жеңіс Жапаровқа абсолютті билік әкеле ме, әлде Ташиевтің артында тұрған оңтүстік кланының ашық наразылығын тудыра ма? Бұл сұрақтың нақты жауабын жақын арада, дәлірек айтқанда 2027 жылғы сайлау қарсаңында аламыз. Бүгінгі Бішкек басынан өткеріп жатқан саяси детектив - Қазақстан 2022 жылы құрбандықпен жапқан кітаптың көрші елде қайталанып жатқан парақтары іспетті.
Айбек ҚОСАН