homepage
depositphotos.com

Астанада балалар ауруханасының медбикесінен туберкулез анықталды

24.05.2026, 16:50

Астана қаласындағы №1 балалар ауруханасында жұмыс істеген медбикеден туберкулез анықталғаны ресми түрде расталды. Бұған дейін бұл ақпарат әлеуметтік желілерде тараған болатын, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, медбике денсаулығының нашарлауына байланысты дәрігерге қаралғаннан кейін, 2026 жылдың сәуір айында туберкулез диагнозы қойылған.

Оның жұмысқа соңғы рет 24 сәуірде шыққаны айтылды.

Қазір аталған қызметкер фтизиопульмонология орталығында ем қабылдап жатыр.

Бір жасқа дейінгі балалар тексеріліп жатыр

Әлеуметтік желіде тараған құжатта медбике №1 балалар ауруханасының ерте жастағы балалар патологиясы бөлімінде жұмыс істегені көрсетілген. Бұл бөлімде бір жасқа дейінгі нәрестелер ем алады.

Осыған байланысты соңғы үш айда байланыста болған балалардың тізімі жасалып, оларды тексеру басталған. Медициналық тексеру нәтижелері арнайы ұлттық базаға енгізіліп, бақылауда болады.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасы медбикенің ақпан айында жоспарлы флюорографиялық тексеруден өткенін және ол кезде ешқандай патология анықталмағанын хабарлады. Сондықтан қызметкердің жұмысқа ресми рұқсаты болған.

Қызметкерлер де қайта тексеруден өтті

Ведомство мәліметінше, байланыста болған 39 медицина қызметкері қайта тексеруден өткен. Олардың барлығынан туберкулез белгілері анықталмаған.

Сонымен қатар медбике флюорографиядан өткен жекеменшік медициналық ұйымға қатысты тексеру жүргізілетіні белгілі болды.

Денсаулық сақтау басқармасы ауру анықталғаннан кейін медициналық мекемеде барлық санитарлық және алдын алу шаралары жүргізілгенін мәлімдеді.

Дереккөз: informburo.kz