Қазақстандық контент авторы Дастан Мұхамедрахым Францияның Канн қаласында өткен WIBA Awards 2026 халықаралық марапатында «Үздік тревел-блогер» аталымы бойынша жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Блогер қуанышты жаңалығын әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісіп, халықаралық деңгейдегі марапатқа ие болғанын жазды.
«Канны қаласында “Үздік Саяхатшы блогер 2026” марапатын иелендік! Аллаға шүкір!», – деп жазды блогер желідегі парақшасында.
Дастан Мұхамедрахымның жетістігіне Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов та пікір білдіріп, оның Қазақстанның туристік имиджін әлемге танытудағы еңбегін жоғары бағалады.
«Дастанның фото, видео және авторлық контенті арқылы миллиондаған адам Қазақстанның табиғаты мен мәдениетін танып, елімізге саяхаттауға қызығушылық танытып келеді. Оның Қазақстан туризмін әлемге заманауи форматта танытудағы еңбегі ерекше құрметке лайық. Бұл жеңіс — тек Дастанның ғана емес, тұтас Қазақстан туризмінің жетістігі», – деді министр.
Сондай-ақ ведомство басшысы жуырда Дастан Мұхамедрахымға отандық туризмді халықаралық деңгейде насихаттауға қосқан үлесі үшін «Туризм саласының үздігі» төсбелгісі табысталғанын еске салды.
Айта кетейік, Дастан Мұхамедрахым гиперлапс форматындағы ерекше видеоларымен танымал. Ол Қазақстанның көрікті жерлерін креативті форматта түсіріп, әлеуметтік желілерде кеңінен насихаттап жүр.
Блогердің халықаралық жобаларға да қатысы бар. Ол Marvel және Sony компанияларымен бірлесіп жұмыс істеген. Тіпті Marvel студиясы оған «Өрмекші адам: Жаңа күн» фильмінің трейлерін алғашқылардың бірі болып көрсетуге мүмкіндік берген. Ал актер Том Холланд қазақстандық блогерге қолдау көрсеткені үшін арнайы алғыс білдірген.