Қазақстанда мектеп бітіру кештеріне жиналатын қаржы көлемі тағы да қызу талқыға түсті. Биыл кей мектептерде түлектердің кешіне 100 мыңнан 600 мың теңгеге дейін ақша жиналып жатқаны айтылды. Кей ата-аналар мұны «артық дарақылық» деп бағаласа, енді бірі балалардың өміріндегі маңызды күн екенін алға тартады, деп хабарлайды Juzmedia.kz агенттігі Newtimes.kz-ке сілтеме жасап.
Қуанышты күн «мақтан-жарысқа» айнала ма?
Түлектердің айтуынша, жиналған қаржы мейрамхана, коттедж жалдау, кортеж, мұғалімдерге сыйлық пен демалыс базаларына жұмсалады.
Мәселен, бір мектепте ата-аналар әр оқушы үшін 200 мың теңгеден жинаса, тағы бір сынып Бурабайда демалыс ұйымдастыру үшін 100 мың теңгеден тапсырған. Ал кей түлектер бірнеше кезеңнен тұратын салтанатты кеш өткізу үшін 600 мың теңгеге дейін қаражат жинап жатқанын айтқан.
Бұл жағдай қоғамда пікірталас туғызды. Мәжіліс депутаттары да мәселе бойынша өз көзқарастарын білдірді.
Депутат Нұртай Сабильянов мектептерде ақша жинауға заңмен тыйым салынғанын еске салды. Оның айтуынша, ата-аналар өз еркімен ұйымдастырса, ешкім қарсы болмайды, бірақ кештер қарапайым форматта өтуі керек.
Ал депутат Снежанна Имашева қымбат мейрамхана мен сән-салтанаттың қажеті жоқ екенін айтып, мұндай дәстүрді қайта қарау керек екенін жеткізді. Оның пікірінше, бәрінің әлеуметтік жағдайы бірдей емес.
Қауіпсіздік пен әлеуметтік теңдік мәселесі
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан да мәселенің әлеуметтік жағына назар аударды. Ол көпбалалы отбасылар үшін мұндай шығын ауыр тиетінін айтып, кей ата-ана баласын мұндай кешке жібермей шектеуге мәжбүр болатынын жеткізді.
Ал Асхат Аймағамбетов бұл жерде екі мәселе қатар тұрғанын айта, келе мектеп бітіру кеші талқылауды талап ететін мәселе екенін айтты.
«Бұл мәселенің екі қыры бар. Бір жағынан, бұл – балалардың қуанышы, ерекше эмоциясы. Екінші жағынан, әлеуметтік әділет пен қауіпсіздік мәселесі де маңызды. Бізге кей ата-анадан өтініштер түсіп жатыр. Олар мұндай соманы төлеуге шамасы жетпейтінін айтады. Кей жағдайда жиналатын ақша көлемі 300 мың, 500 мың, тіпті 1 миллион теңгеге дейін жетеді. Соның салдарынан кей бала қатты уайымға, күйзеліске беріліп кетеді. Сонымен қатар қауіпсіздікке қатысты да сұрақтар бар. Оқу-ағарту министрлігі мектеп бітіру кештеріне мүлдем тыйым салып отырған жоқ. Бірақ соңғы қоңырау да, мектеп вальсі де өткізіледі. Бірақ бейресми әрі тым қымбат іс-шараларға қатысты мәселе талқылауды талап етеді», – деді Асхат Аймағамбетов.
Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігі мен ІІМ мектеп бітіру кештерін өткізу ережелерін нақтылап жатыр. Жаңа талапқа сәйкес, аттестат тапсыру рәсімі тек білім беру ұйымдарының ғимаратында ұйымдастырылуы тиіс.