homepage
instagram.com/kudaibergenov.dimash

Димаштың туған күніне орай жанкүйерлері қайырымдылық акциясын ұйымдастырды

24.05.2026, 10:57

Әлемге әйгілі қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің Қытайдағы жанкүйерлері өнер иесінің туған күніне орай бірнеше қайырымдылық бастамасын қолға алды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Қытайлық Dears фан-клубы Димаштың гуманитарлық жобаларын қолдау мақсатында Халықаралық көші-қон ұйымының қорына 2 мың АҚШ долларынан астам қаражат аударған.

Сонымен қатар әншінің 32 жасқа толуына орай жанкүйерлері Шанхайдағы бұралқы иттерді құтқарумен айналысатын RHR Shanghai Adoption Home ұйымына 26 760 юань көлемінде көмек көрсетті. Бұл шамамен 3950 АҚШ долларына тең.

Аталған ұйым қараусыз қалған және қатыгездікке ұшыраған мысықтар мен иттерді құтқарып, оларды емдеп, жаңа иелерін табумен айналысады. 2012 жылы құрылған орталық осы уақытқа дейін 4 мыңнан астам жануарды аман алып қалып, олардың жартысына жуығын жаңа отбасымен қауыштырған.

Ұйым негізінен еріктілер көмегі мен қайырымдылық қаржысы арқылы жұмыс істейді. Сонымен бірге жануарларды асырап алуға арналған арнайы акциялар мен әлеуметтік жобалар ұйымдастырып келеді.

Жанкүйерлердің айтуынша, бұл бастамалар Димаш Құдайбергеннің шығармашылығымен қатар, оның адамгершілік пен мейірімді насихаттайтын ұстанымын қолдаудың бір көрінісі.