Қазақстанда жүргізушілерге салынатын айыппұл көлемі өңірлердегі халық табысына тікелей байланысты болып шықты. Мұндай қорытындыны Ұлттық статистика бюросы мен Мемлекеттік кірістер комитетінің деректерін салыстырған зерттеу көрсетті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Қай өңірде айыппұл көп?
Inbusiness.kz жазуынша, 2025 жылы Қазақстанда бір көлікке шаққандағы орташа айыппұл көлемі 22,6 мың теңгені құраған. Бұл – елдегі орташа айлық жалақының шамамен 5,1%-ына тең.
Ең жоғары көрсеткіш Атырау облысында тіркелді. Өңірде орташа айлық жалақы 607 мың теңгеге жетсе, бір жүргізушіге шаққандағы айыппұл көлемі 33,2 мың теңге болған. Яғни, бұл – айлық табыстың 5,5%-ы.
Ал Алматы облысында орташа жалақы 361 мың теңге болса, жүргізушілердің орташа айыппұлы 13,8 мың теңгені немесе табыстың 3,8%-ын құраған.
Зерттеуде айыппұл жүктемесінің «қалыпты» деңгейі жалақының 6-7%-ы екені айтылған. Бұл көрсеткіш елдің көптеген өңіріне тән. Тек Абай, Жамбыл, Қостанай облыстары мен Алматы қаласында ғана айырмашылық байқалады.
Қазақстанда айыппұлдар бойынша амнистия жасалуы мүмкін
Өткен жылы Қазақстан бюджетіне айыппұлдардан 223,8 млрд теңге түскен. Оның 133,2 млрд теңгесі немесе шамамен 60%-ы полиция салған айыппұлдардың үлесіне тиесілі.
Ең көп айыппұл Алматы қаласында жиналған – 36,9 млрд теңге. Одан кейін Астана (14,5 млрд теңге) және Түркістан облысы (12 млрд теңге) тұр.
Осы ретте Қазақстанда алғаш рет әкімшілік айыппұлдар бойынша амнистия жасау мәселесі қаралып жатыр. Тиісті заң жобасы Мәжіліске енгізілген.
Депутат Снежанна Имашеваның айтуынша, амнистия аясында шамамен 1,8 млн айыппұл немесе жалпы көлемі 36 млрд теңгеге жуық берешек кешірілуі мүмкін.
Мәліметке сәйкес, елдегі барлық әкімшілік айыппұлдың 90%-ын полиция салады.