homepage
polisia.kz

Алматыда із-түзсіз жоғалып кеткен жас жігіт өлі табылды

24.05.2026, 09:41

Алматыда бірнеше күн бұрын жоғалып кеткен 25 жастағы Ерзат Шалқарұлы Егізбай өлі күйінде табылды. Бұл туралы еріктілер хабарлады, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Волонтерлер марқұмның жақындарына көңіл айтып, іздеу жұмыстарының қайғылы аяқталғанын мәлімдеді.

Еске салайық, Ерзаттың жоғалғаны туралы полицияға 19 мамыр күні ағасы Азамат Егізбай хабарлаған. Оның айтуынша, жас жігіт сол күні шамамен сағат 14:30 шамасында Райымбек даңғылы бойындағы құрылыс нысанынан шығып кеткеннен кейін байланысқа шықпаған.

Іздеу барысында оның телефонынан соңғы сигнал Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы Есік саяжайлары мен «Көксай» бау-бақша серіктестігі маңынан анықталған.

Туыстарының сөзінше, Ерзат бұған дейін ешқашан ескертусіз үйден кетпеген. Сондай-ақ ол құқық қорғау органдарының есебінде тұрмаған және дін жолын ұстанған азамат болған.

Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.