homepage
pexels

Банктер енді клиентке қосымша қызметтерді жасырын түрде ұсына алмайды

23.05.2026, 17:47

Қазақстанда несие рәсімдеу кезінде банктердің сақтандыру мен өзге де ақылы қызметтерді клиентке байқатпай қосуына шектеу қойылады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банк қызметіне қатысты жаңа талаптарды бекітті, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Жаңа ережеге сәйкес, банк қандай да бір қосымша ақылы қызмет ұсынса, оның шарттарын алдын ала толық түсіндіруге міндетті. Атап айтқанда, қызметтің атауы, құны және одан бас тартуға болатыны нақты көрсетілуі керек. Сонымен қатар клиенттің қосымша қызметтен бас тартуы несие беруден бас тартуға себеп болмауға тиіс.

Енді әрбір қосымша қызмет бойынша клиенттің келісімі жеке рәсімделеді. Құжатта қызметтің бағасы, төлем тәсілі және оны несие сомасына қосу немесе бөлек төлеу мүмкіндігі көрсетіледі.

Сондай-ақ сақтандыруға қатысты талаптар да күшейтілді. Егер қарыз алушы өмірді немесе жазатайым жағдайларды сақтандыру қызметін рәсімдегісі келсе, сақтандыру компаниясын өзі таңдауға құқылы. Ал клиенттің өз нұсқасы болмаса, банк кемінде бес сақтандыру ұйымының шарттары мен тарифтерін ұсынуы қажет.

Бұдан бөлек, клиент басқа сақтандыру компаниясын таңдағаны үшін банк несие шарттарын өзгерте алмайды. Егер сақтандыру талаптары банк ұсынған талаптарға сәйкес келсе, қарыз шарты бұрынғы қалпында сақталуы тиіс.

Жаңа талаптар бойынша келісімшарттарда алдын ала белгіленген құсбелгілер арқылы клиенттің келісімін алу тәжірибесіне де тыйым салынады. Қосымша қызметтердің шарттары енді ұсақ әріппен жасырылып жазылмайды. Клиент қызметтің құнын анық көріп, оған өз келісімін жеке растауы керек.