homepage
Depositphotos.com

«Ақшаны өзім аудардым»: алаяқтар құрбанын қалай ақша беруге мәжбүрлейді

23.05.2026, 16:48

«Мен бұлай істеуге болмайтынын білетін едім. Бірақ сол сәтте қорқып кеттім». Осылай деген Алматы қаласының 38 жастағы тұрғыны «банктен» түскен қоңыраудан кейін бірнеше миллион теңге ақшасынан қалай айырылғаны туралы айтып берді, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Fingramota.kz жазуынша, мұндай оқиғалар күн сайын болып тұрады. Және көп жағдайда оның себебі - техникалық бұзып кіру емес, адамға психологиялық қысым көрсету және шебер жасалатын айла-шарғы.

Алаяқтар адамды асықтырып,  «күдікті операциялармен» немесе «ақшаны есептен шығару қаупімен» қорқытады, ал стрестік жағдайда адам қырағылығын жоғалтады. 

Әдетте оқиға қалай болады?

Әдетте барлығы кәдімгі қоңыраудан басталады. Ол көбінесе кешкі мезгілде, адам шаршаған және қырағылығын жоғалтқан кезде келеді. Экранға банктік нөмірге ұқсас, кейде тіпті ресми нөмірмен дәл сәйкес келетін нөмір шығады.

«Сәлеметсіз бе, сізге хабарласып тұрған — банктің қауіпсіздік қызметі. Қазір сіздің атыңызға кредит рәсімдеу үшін әрекеттер жасалуда».

Мұның барлығы нық, сенімді дауыспен, асықпай айтылады. Сенімге әбден кіру үшін сөйлесуші аты-жөніңізді, ал кейде картаның соңғы сандарын немесе басқа да мән-жайларды атайды. Адамда қоңырау шынымен де банктен түсті деген сезім туады.

Одан кейін жағдай күрт «жеделдейді»: «Операцияны тоқтату үшін 10 минутыңыз бар», «Егер қазір әрекет етпесеңіз, ақша есептен шығарылады». Бұдан әрі «тез әрекет ету қажет» деген әсер пайда болады және қысым жасалады. Адамға ойлауға немесе ақпаратты тексеруге мұрсат берілмейді. Осы сәтте адамда қорқыныш пайда болады: ақшадан айырылу, қарызға бату, бірдеңенің алдын алуға үлгермеу.

Күйзеліс пен асығыстық кезінде адам қырағылығын жоғалтады және не болып жатқанын толық түсінбей, нұсқау бойынша әрекет ете бастайды. Дәл осы кезеңде алаяқтар өз мақсаттарына технологиялардың есебінен емес, эмоцияның есебінен қол жеткізеді.

Барлығының осал тұсы

Бұл жерде адам ақылмен емес, эмоцияның жетегінде кетіп әрекет ете бастайтынын түсіну маңызды. Қорқыныш пен жедел әрекет ету сезімі қосылғанда, сыни тұрғыдан ойлау қабілеті төмендейді. Адам ақпаратты тексермейді, артық сұрақ қоймайды және жай ғана «жағдайды құтқару қажет» деген нұсқауларды орындайды.

Сипатталған жағдайда оқиға дәл осылай өрбіген: әйел онлайн-кредит рәсімдеп, ақшасын «қауіпсіз шотқа» аударған, содан кейін «банк өкілімен» байланыс бірден үзілген.

Тек кейіннен ғана ешқандай қауіп-қатердің, кредит рәсімдеу әрекетінің де, қаражатты есептен шығару қаупінің де болмағаны белгілі болды. Барлық жағдай алаяқтардың құрған тұзағы болып шықты.

Мұндай схемалар неліктен қазірге дейін жұмыс істейді?

Бір қарағанда, бұл технологияларға байланысты сияқты көрінуі мүмкін. Алайда іс жүзінде бәрі әлдеқайда қарапайым: алаяқтар, әдетте, адамдардың мұндай жағдайда бірден берілетін психологиялық реакцияларына есеп жасайды.

  • Бірінші триггер — қорқыныш. «Сіз ақша жоғалтасыз» немесе «сіздің атыңызға кредит рәсімделуде» сияқты тіркестер бірден қорғаныс іс-қимылын оятады. Адам талдау жасауды тоқтатады және «шұғыл құтқару» режиміне ауысады.

  • Екінші триггер — жеделдік. «Дәл қазір», «сізде 10 минут бар», «уақытыңыз жоқ»: мұндай тұжырымдар кідіріп, ақпаратты тексеруге мүмкіндік бермейді. Барлығы асығыс жасалады, ал ондай жерде қателесу оңай.

  • Үшінші триггер — бедел. «Біз банктенбіз», «қауіпсіздік қызметі», «ресми қоңырау»: адамдардың көпшілігі әдеттегідей мұндай дереккөздерге, әсіресе әңгіме сенімді және кәсіби болып көрінгенде сенеді.

Көптеген адамдар алаяқтардың жеке мәліметтерді қайдан алатынына таңғалады. Іс жүзінде олар көбінесе атын, телефон нөмірін және кейде картаның соңғы сандары сияқты ішінара ақпаратты біліп алады.

Мынаны түсіну маңызды: бұл банк деректерді берді дегенді білдірмейді. Көбінесе ақпарат әртүрлі көздерден: деректердің қолды болуынан (утечка), интернеттегі ашық профильдерден немесе тіпті кездейсоқ сәйкестіктерден жиналады.

Қаскүнемдер қолжетімді фрагменттерден жай ғана «пазл жинайды» және оларды сенімділікті арттыру үшін пайдаланады. Адам үшін бұл сенімді естіледі: «Егер олар менің атым мен егжей-тегжейлерді білсе, демек, шынымен өз адамдарымыз» деп ойлап қалады.

Адамдар неге ақылға қонбайтын әрекеттерге барады?

Сырттан қарағанда, адамның өзі кредит рәсімдеуі, алаяқтарға ақша аударуы немесе SMS-тегі кодтарды бере салуы біртүрлі болып көрінуі мүмкін. Алайда жағдайдың түбіне үңілсек, бәрі басқаша қабылданады. Алаяқтар қорқыныш пен жеделдік ахуалын қолдан жасайды: олар «шотты бұзу», «күдікті операциялар» немесе кредит рәсімдеуге тырысу туралы хабарлайды. Осы кезде адам «өз ақшамды құтқарамын және дұрыс әрекет етемін» деп ойлайды.

Тұрақты қысым жасау, қауіп-қатер және не болып жатқанын ешкімге айтуға тыйым салу күйзелісті күшейте түседі. Бұл жағдайда орын алған жағдайды сыни тұрғыдан бағалау қабілеті төмендейді де, адам қаскүнемдердің нұсқауларын орындай бастайды.

Психологтар мұны «күйзеліс жағдайында ойлаудың тарылуы» әсері деп атайды. Мұндай сәтте мазасыздық ақпаратты сабырмен талдауға және дұрыс шешім қабылдауға кедергі келтіреді.