Ішкі істер министрлігі жазғы демалыс кезінде судағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Ведомство әсіресе ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
ІІМ мәліметінше, еліміздің кей өңірлерінде жасөспірімдердің суға кетуіне байланысты қайғылы оқиғалар тіркеліп жатыр. Осыған байланысты азаматтарға тек арнайы жабдықталған әрі рұқсат етілген орындарда ғана шомылу ұсынылды.
Министрлік белгіленбеген жерлерде суға түсу Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 364-бабына сәйкес жауапкершілікке әкелетінін еске салды.
«Жаз мезгілінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы да ұйымдастырылады. Оның аясында түнгі уақытта кәмелетке толмағандардың ересектердің қарауынсыз жүруінің алдын алу жұмыстары күшейтіледі», – деді ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің аға инспекторы Ботакөз Жалекешова.
Сондай-ақ министрлік ата-аналарды балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, олардың қауіпсіз демалысына жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Құқық бұзушылық немесе төтенше жағдайлар байқалған жағдайда азаматтарға 102 нөміріне хабарласу ұсынылды.