homepage
Маңғыстау облыстың Қоғамдық коммуникация орталығы

Маңғыстауда балаларды оңалту қызметінің қолжетімділігі кеңейіп келеді

23.05.2026, 15:24

Маңғыстау облысында мүгедектігі және ерекше қажеттіліктері бар балаларға медициналық оңалту көмегін көрсету бойынша жүйелі жұмыстар жалғасуда. Бүгінде өңірде балалар тәулік бойғы стационарларда да, амбулаториялық жағдайда да ем қабылдай алатын оңалту орталықтары мен мамандандырылған медициналық ұйымдар желісі жұмыс істейді, деп хабарлайды Juzmedia.kz облыстың Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.

Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасының мәліметінше, өңірде шамамен 338 мың бала тұрады. Оның 8118-і мүгедектігі бар балалар. Ал олардың шамамен 60%-ы неврологиялық, қимыл-қозғалыс және психоневрологиялық бұзылыстарға байланысты медициналық оңалтуды қажет етеді.

Жоғары қажеттілікке қарамастан, өңірде жыл сайын балаларды оңалту көмегімен қамту көрсеткіші артып келеді. Мәселен, 2025 жылы 3462 бала оңалту емін алған. Оның ішінде 772 бала тәулік бойғы стационарда емделсе, 2690 бала амбулаториялық көмек алған.

Қазіргі таңда Маңғыстау облысында балаларға медициналық оңалту тек республикалық деңгейде ғана емес, тікелей өңірдің өзінде де көрсетіледі. Тәулік бойғы стационарлық оңалту орталықтары Ақтау қаласы мен Бейнеу ауданында жұмыс істейді. Атап айтқанда, «Қамқорлық» оңалту орталықтарында, сондай-ақ «Нейрон» ЖШС, «Сеним» ЖШС, «Еркемед» ЖШС мекемелерінде көмек көрсетіледі. Сонымен қатар Түпқараған аудандық орталық ауруханасы, Мұнайлы аудандық ауруханасы және Ақтау қаласындағы «Archimed» кардиология және ішкі аурулар медициналық орталығы базасында стационарлық ем жүргізіледі. Аталған ұйымдардың барлығында балалар тәулік бойғы стационарда ем қабылдай алады.

Амбулаториялық медициналық оңалту «Нейрон» ЖШС, «Ясин» ЖШС, «Сеним» ЖШС, «Еркемед» ЖШС, Ақтау қалалық №1 және №2 емханаларында, Мұнайлы аудандық ауруханасында, Ақтау қаласындағы «Өркениетті келешек» ЖШС және Жаңаөзен қаласындағы «Балақай» ЖШС мекемелерінде жүргізіледі.

Өңірдегі ең ірі орталықтардың бірі – Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасы жанындағы «Қамқорлық» оңалту орталығы. Мамандардың айтуынша, «Қамқорлық» оңалту орталығы балаларды кешенді емдеуге арналған заманауи құрал-жабдықтармен және қажетті инфрақұрылыммен жабдықталған. Орталықта білікті реабилитологтар, невропатологтар, психологтар, логопедтер және өзге де мамандар жұмыс істейді. Балаларға физиотерапия, эрготерапия, сенсорлық интеграция, емдік дене шынықтыру, сондай-ақ арнайы тұз және шунгит бөлмелері қолжетімді.

Медициналық мекеме өкілдері бүгінде ата-аналардың Астана, Алматы және өзге қалаларға тұрақты түрде бармай-ақ, өңірде оңалтудан өту мүмкіндігі бар екенін атап өтті. Бұл балаларға тұрғылықты жерінде қажетті емді алып, оңалту процесін үзбеуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар мамандар республикалық орталықтарға жолдама белгіленген квоталар бойынша және жоспарлы түрде берілетінін түсіндірді. Өңірлерге бөлінетін орын саны шектеулі. Мәселен, Астана қаласындағы Ұлттық балаларды оңалту орталығында Маңғыстау облысына ай сайын жас ерекшеліктеріне қарай шектеулі мөлшерде төсек-орын бөлінеді. Сондықтан орталық еліміздің барлық өңірлерінен балаларды қабылдайтындықтан, кезек біртіндеп жылжиды.

Облыстық аурухана өкілдері балалар міндетті түрде тек республикалық орталықтарда ғана оңалтудан өтуі керек деген пікір шындыққа сәйкес келмейтінін айтады.

- Балаларға оңалту көмегі Маңғыстау облысында да көрсетіледі. Өңірлік орталықтар қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған және мамандармен қамтамасыз етілген. Ең бастысы - емнің жүйелілігі мен үздіксіздігі, - дейді мамандар.

Барлық бала оңалтуға тіркелген емханасы арқылы госпитализация порталы негізінде жіберіледі. Кезек медициналық көрсеткіштер мен тіркеу күніне сәйкес автоматты түрде қалыптасады. Өңірде ем қабылдап жүрген балалардың ата-аналары да жергілікті мамандардың жұмысына оң баға беруде.

- Ұлымыз «Қамқорлық» орталығында бірнеше жылдан бері ем алып келеді. Біз үшін бүгінгі күні Маңғыстауда сапалы көмек алу мүмкіндігінің болғаны өте маңызды. Ең бастысы - емді үзбей, оңалту курстарынан уақытылы өту, - дейді облыс тұрғыны Роза Бердібаева.

Сонымен қатар Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы балаларға арналған оңалту көмегінің көлемін ұлғайту және емнің қолжетімділігін кеңейту бағытындағы жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп келеді. Оның ішінде республикалық оңалту орталықтарындағы квота санын көбейту, төсек-орын қорын кеңейту және өңірлік оңалту инфрақұрылымын дамыту шаралары қарастырылған.

Бұдан бөлек, жақын уақытта Ақтау қаласында 120-дан астам төсек-орынға арналған жаңа заманауи оңалту орталығын ашу жоспарланып отыр. Бұл жоба балаларды мамандандырылған көмекпен қамту ауқымын едәуір арттырып, кезекті азайтуға және өңірде сапалы оңалтудың қолжетімділігін күшейтуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ өңірді дамытудың 2028 жылға арналған жоспары аясында Маңғыстау облысында Ұлттық балаларды оңалту орталығының филиалын ашу көзделген. Бұл өңірдегі балаларды оңалту жүйесін дамытудың маңызды кезеңі болмақ.