Ақтауда пластикалық операциядан кейін көз жұмған бұрынғы мәслихат депутаты Ербол Айтуовтың өліміне байланысты жекеменшік клиника ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Клиника айыптаулармен келіспейді
Клиниканың бас дәрігері Артур Тәжиев әлеуметтік желі арқылы тараған ақпараттарға қатысты пікір білдіріп, жарияланған кей мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтінін айтты.
Оның айтуынша, қоғамда айып тағылып жатқан дәрігер аталған операцияны жасамаған.
Сонымен қатар клиниканың анестезиология және реаниматология қызметтерін көрсетуге ресми лицензиясы бар екенін мәлімдеді.
«Әлеуметтік желілерде тарап жатқан шындыққа жанаспайтын әрі бір-біріне қайшы ақпараттарға байланысты, жарияланымдарда айып тағылып отырған дәрігердің аталған операцияны жасамағанын хабарлаймыз. Ербол Айтуовтың отбасы мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз. Сондай-ақ кейбір жарияланымдарда клиниканың лицензиясы жоқ деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдейміз. Клиника медициналық қызметті 2015 жылғы 31 шілдеде берілген №00650DE қолданыстағы лицензия негізінде жүзеге асырады. Бұл лицензия анестезиология және реаниматология қызметтерін де қамтиды және тиісті рұқсат құжаттарымен расталған», – деп жазды клиниканың бас дәрігері Артур Тәжиев әлеуметтік желідегі парақшасында.
Медициналық мекеме өкілдері БАҚ пен әлеуметтік желі қолданушыларын тексерілмеген ақпарат таратпауға шақырды.
Тексеру кезінде заңбұзушылықтар анықталған
Бұған дейін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті клиникаға тексеру жүргізіп, бірқатар заңбұзушылықтарды анықтаған болатын.
Атап айтқанда:
Сондай-ақ науқастың толық тексерусіз операцияға жіберілгені айтылды. Мамандардың болжамынша, сәтсіз интубация наркоз кезінде миға оттегі жетіспеуіне және қан қысымының көтерілуіне себеп болуы мүмкін.
Қылмыстық іс қозғалды
Маңғыстау облыстық полиция департаменті Ербол Айтуовтың өліміне байланысты қылмыстық іс қозғағанын хабарлады.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, Ербол Айтуов бұған дейін Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты болған. Сонымен қатар ол KazPetroDrilling компаниясының өңірдегі вице-президенті қызметін атқарған.
Марқұмның жұбайы дәрігерлер интубацияны дұрыс жасамаған болуы мүмкін деп есептейді. Сондай-ақ ол медицина қызметкерлері науқастың жағдайы туралы ақпаратты толық бермеді деп мәлімдеген.
Еске салайық, 49 жастағы Ербол Айтуов сәуір айының басында иек тұсына липосакция жасату үшін «Қасиет» клиникасына жүгінген.
Туыстарының айтуынша, наркоз салынғаннан кейін оның жағдайы күрт нашарлап, қан қысымы мен қандағы қант деңгейі көтерілген. Кейін ер адам комаға түсіп, облыстық ауруханаға жеткізілгенімен, бір айдан соң көз жұмды.