Қарағандыда Шахтинск қаласын дүрліктірген қылмыстық топқа қатысты сот процесі аяқталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
КТК телеарнасының хабарлауынша, топ мүшелері қала тұрғындарынан, соның ішінде шахтерлерден ақша бопсалап келген. «Бопсалау» және «алаяқтық» баптары бойынша сегіз күдікті 4 жыл 8 айдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Тағы екеуі шартты жаза алды.
— Сот жәбірленушілерді, куәгерлерді және сотталушыларды тыңдап, қылмыс жасағаны дәлелденді деген қорытындыға келді. Жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығынның басым бөлігі өтелмеген. Сондай-ақ күдіктілердің бұрын соттылығының бар-жоғы, жеңілдететін және ауырлататын мән-жайы ескерілді, – деді судья Әсел Жұбанышева.
Сотталушылар мен зәбір көрушілердың қарасы қалың болғандықтан, сот процесі Қарағандының тергеу абақтысында өтті. Қылмыстық топтан 14 адам құқай көріпті. Сотталғандардың жасы 22-34 жас аралығында. Бәрі жұмыссыз.
Тергеу мәліметінше, олар қорқыту мен алдау арқылы жергілікті тұрғындардың қалтасын қаққан. Жәбірленушілерді несие рәсімдеуге мәжбүрлеген, ал қаражатты қажетіне жаратып, жалғанды жалпағынан басыпты.
Тергеу дерегінше, миллиондаған теңге жалға алынған көліктер мен ойын-сауыққа жұмсалған.
Күдіктілер екі жыл бұрын ұсталған болатын. Содан бері тергеу жүріп, іс сотқа зорға жеткен. Ал сотталғандар кінәсін сол күйі мойындамады.