homepage
Әлеуметтік желіден

Ақтауда пластикалық операциядан кейін мәслихат депутаты көз жұмды

22.05.2026, 17:58

Ақтауда пластикалық операциядан кейін Ербол Айтуов қайтыс болды. Ол иек тұсына липосакция жасату үшін жекеменшік емханаға жүгінген, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

 Kriminal_kazakhstan телеграм-каналының мәліметі бойынша, 49 жастағы депутатқа наркоз берілген сәтте жағдайы күрт нашарлаған. Туыстарының айтуынша, оған интубация дұрыс жасалмаған болуы мүмкін. Соның салдарынан қан қысымы мен қандағы қант деңгейі көтеріліп, ишемиялық инсульт алған.

Ер адам бір ай бойы есін жимастан жансақтау бөлімінде жатып, кейін көз жұмған.

Марқұмның жақындары дәрігерлер уақытылы көмек көрсетпеді және науқастың жағдайын жасырды деп отыр.

Тексеру кезінде бірқатар заңбұзушылық анықталған

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жүргізген тексеріс барысында клиникада өрескел заңбұзушылықтар анықталған.

Атап айтқанда:

  • операциялық бөлім қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілмеген;
  • кей құрылғының пайдалану мерзімі өтіп кеткен;
  • анафилактикалық шок кезінде қолданылатын дәрілер болмаған;
  • ересектерге анестезиологиялық және реанимациялық көмек көрсетуге лицензиясы болмаған.

Сонымен қатар науқас толық медициналық тексерусіз және қарсы көрсетілімдер бола тұра операцияға жіберілгені белгілі болды.

Тексеру материалдары прокуратура органдарына жолданған.

Айта кетейік, Ербол Айтуов Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты болған. Сондай-ақ 2023 жылдан бері өңірлік кәсіпкерлер палатасының өңдеу өнеркәсібі және базалық салалар комитетін басқарған.

Еске слаайық, бұған дейін қазақстандық блогер әрі кәсіпкер Сәуле Базархан да пластикалық хирургия клиникасында көз жұмған еді. Туыстарының сөзінше, оған операция басталмай тұрып-ақ жағдайы нашарлаған.