homepage

Бір ғасыр бұрын: 1925 жылғы Қазақстан қандай болды?

Juzmedia. kz
13.01.2025, 16:21

Әдетте жұрт Жаңа жылды жоспармен бастап жатады. Бүгінгі мақаламызда біз өткенге, бір ғасыр бұрынғы Қазақстанға көз тастағымыз келіп тұр. Жүз жыл – халық санасының жаңғыруына, тұрмыстың өркендеп не керісінше құлдырауына жететіндей мерзім.

ҚЫРҒЫЗ АКСР-ІНЕН ҚАЗАҚ АКСР-ІНЕ ДЕЙІН

1925 жыл реформалар мен түрлі саясаттың негізі басталған халқымыз үшін қиын да маңызды жыл болды. Еліміз үшін елеулі оқиғалардың бірі ретінде мемлекет атауының Қазақ АКСР болып өзгергенін айта аламыз. Түркістан автономиясы құлағаннан кейін Қазақстан 1920 жылдан бері Қырғыз АКСР деп аталған. 1925 жылғы 15 маусымда ҚазАКСР орталық атқару комитетінің төрағасы "қырғыз" деген атауды "қазақ" деген атаумен алмастыру туралы қаулысына сәйкес мемлекет атауын Қазақ АКСР-і деп өзгертті. Бұл тұста Қазақ АКСР аумағы 2 983 564 шаршы км құраған. Бүгінгі территориямыздан 250 мың шақырым үлкенірек. Бұл тек формалды қадам ғана болып қоймай, ұлттық айдентикамыз үшін де маңызды болғаны сөзсіз. Кеңес Одағының құрамында болса да автономияның өз атымен аталуы Қазақстанның сол кездегі саяси өміріне үлкен әсер етті. Дәл осы жылы ақпанда Арал өңірінің оңтүстігінде Қарақалпақ автономиялық округі құрылды. Бұл кезеңде халық саны 1,5 миллионға көбейіп, 5 млн 230 мыңға жетеді. 1926 жылғы санақта Қазақ АКСР жеріндегі қазақтардың үлесі 61,3 пайызды құрағаны анықталған.

ЕЛ АСТАНАСЫ АУЫСТЫ

Дәл осы жылы ел астанасы Орынбордан Ақмешітке көшірілді. Оның да саяси астары жоқ емес-ті. Елде Қарақалпақ автономиясы құрылғаннан кейін шалғайдағы орталықты қалың қазақ ортасына ауыстыру дұрыс деген мәселе туды. Осы ретте Астана Ташкент болуы керек, егер оған рұқсат етілмесе Шымкентке көшіру туралы қаулы қабылданды. Дегенмен Мәскеу астананы Ақмешітке көшіріледі деп шешті. Содан 9 ақпанда Қазақ АКСР-і Орталық атқару комитетінің төралқасы О.Исаевтың баяндамасы бойынша мемлекет астанасы Орынбордан Ақмешітке ауыстырылды. Көп ұзамай 15-19 сәуір аралығында Ақмешітте Кеңестердің V съезі өтіп, халықты қазақтарды бұдан былай орысша “киргиз” деп атамай, “қазақ” деп атау, ал ел астанасы Ақмешіт қаласының атауын Қызылорда деп өзгерту туралы қаулы қабылданды.

Бұрынғы Астана Орынбор губерниясы Ресей Федерациясының құрамына өтті. Башқұртстан мен Қазақстанды байланыстырып тұрған Қуандық коридоры жойылып, Орынбор маңайы толықтай Ресей жері саналды. Нәтижесінде шектесіп тұрған қазақ-башқұрт шекарасы жойылды.  Тұрар Рысқұлов бастаған белсенділер жаңа астананың саяси, экономикалық және мәдени орталық ретінде орнықтыруға кірісті.

АЛАШОРДАЛЫҚТАРДЫ БАҚЫЛАУ КҮШЕЙДІ

Өткен ғасырдың 20-шы жылдары туралы сөз қозғалса, бірден ел игілігі үшін аянбай еңбек еткен алашордалықтар еске оралады. Кеңес үкіметі 1925 жылы алғаш рет Алаш қозғалысының белсенділеріне қатысты саяси репрессия күшейе бастады. Олардың қызметі қатаң бақылауға алынды. Ұлт Ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы 1925 жылы Орынбордағы қызметін аяқтап, Ташкентке қоныс аударады. Ол ондағы Қазақ халы ағарту институтында қазақ тілі мен әдебиеті, мәдениет тарихы пәндерінен сабақ беріп жүреді.

Ал Міржақып Дулатұлы 1925 жылы “Есеп құралы” кітабын жарыққа шығарады. Кітап Орынбордағы “Киргизское государственное издательство” баспасынан басып шығарылады. Дәл осы жылы ел астанасы Қызылордаға көшеді. Осы жақта да бірнеше туындысы жарыққа шығады. 1925 жылы Әлихан Бөкейхан да үзеңгілестері сияқты Кеңес үкіметінің назарынан тыс қалмады. Оның үстіне осы жылы денсаулығы әлсіреп, саяси белсенділігін шектей түсті деген дерек бар. Жоғарыдағы фотосуретте де Әлихан Бөкейханның болмауы осыған байланысты болуы мүмкін. Осы ретте 1925 жылы Сәкен Сейфуллин Сталинге хат жазды деген дерек жиі кездесетінін айта кеткен жөн. Тарихшы Жұмажан Сүлеймен “Сәкеннің Сталинге хаты” деген мақала жариялап, екеуінің кездескенін жазады.

ҚАЗАҚСТАН РЕСУРСЫ ОДАҚ ИГІЛІГІ ҮШІН

1925 жылы Ресей Кеңестік Федеративті Социалистік Республикасының жаңа конституциясы қабылданды. Қазақ жері Ресей құрамдасы болғандықтан, ата заңның өзгеруі бізге де әсер етпей қоймады. Осы тұста бесжылдық жоспарды орындау басталды. Жоспар ауылшаруашылығын индустриализациялауды да қамтып, Қазақстан ресурсы да осы жоспар аясында көптеп пайдаланылды.

Қазақ тарихы мен әдебиетіндегі ең белгілі антагонист – Голощекинді де атамай кетпесе болмас. 1925 жылы қыркүйекте Қазақстан өлкелік комитетінің басшылығына Федор Голощекин тағайындалады. Қызметіне кіріскен бетте қазақ ауылдарын кеңестендіру, жайылымдық жерлерді бөлу, бай шаруаларды тәркілеуді қолға алып, “Кіші Қазан” төңкерісін ойластырады.

“Тағдырдың тезінен, тозақтың өзінен” аман-сау қалған халық өткенді оңай шолып отырмыз. Біздің мақсат - тәуелсіздіктің құнын ұқтыру, бағамдау емес, жүріп өткен жолды қайта еске салу. Жаңа жылға жоспар жазбас бұрын, өткеннен сабақ алған жөн деседі. Қазақ өзі “Елу жылда ел жаңа” десе, жүз жылда елімізде не өзгергенін ойлануды оқырманға қалдырдық…

Авторы: Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.