Қазақстанда тұтынушылар құқығын қорғауға бағытталған жаңа пилоттық жоба іске қосылмақ. Енді базарлар мен сауда орындарында сатып алушылар сатушылардың үстінен QR-код арқылы тікелей шағым жолдай алады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасы Болат Танабергенов ОКҚ алаңында өткен брифингте мәлімдеді.
Оның айтуынша, жаңа жүйе арқылы тұтынушылар чекке немесе көрсетілген қызметке қатысты мәселелер бойынша шағымдарын тікелей кәсіп иесіне жібере алады. Сондай-ақ қажет болған жағдайда арыз Мемлекеттік кірістер органдарына да жолданады.
«Көп жағдайда бутиктерде сатушылар жұмыс істейді, ал иелері заңбұзушылықтан хабарсыз болуы мүмкін. QR-код арқылы тұтынушы шағымын тікелей бизнес иесіне жеткізе алады», – деді комитет төрағасы.
Сапасыз тағам үшін төлем жасамауға бола ма?
Брифинг барысында мейрамханадағы сапасыз тағамға қатысты сұрақ та көтерілді. Болат Танабергеновтің айтуынша, тағам толық піспеген немесе сапасыз болса, алдымен мекеме әкімшілігіне шағымдану қажет.
Егер мәселе ауызша шешілмесе, жазбаша талап қою ұсынылады. Ал одан кейін санитарлық-эпидемиологиялық қызметке немесе тұтынушылар құқығын қорғау органдарына жүгінуге болады.
Комитет басшысы сапасыз ас үшін бірден төлем жасамай кетуге болмайтынын айтты. Мұндай жағдайда алдымен есеп айырысып, кейін ресми түрде шағымданған дұрыс.
Жыл басынан бері 22 мыңнан астам шағым түскен
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы тоқсанында тұтынушылар құқығын қорғау комитеті мен өңірлік департаменттер 22 мыңнан астам өтініш қараған.
Олардың 32,6 пайызы бойынша тұтынушылардың талаптары қанағаттандырылған. Тағы 7,2 мың азаматқа құқықтық көмек пен түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Сонымен қатар үш ай ішінде кәсіпкерлерге қатысты 308 тексеру жүргізіліп, 12 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Нәтижесінде 405 млн теңгеге тұтынушылардың құқығы қорғалған.