homepage
Gradel Muyisa Mumbere / Reuters

Конгода тұрғындар Эбола вирусынан емдеу орталығын өртеп жіберді

22.05.2026, 14:49

Конго Демократиялық Республикасының шығысындағы Рвампара қаласында Эбола вирусын емдейтін медициналық орталыққа шабуыл жасалды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Reuters мәліметінше, Эболадан көз жұмды деген жергілікті футболшының туыстары мәйітті ауруханадан алып кетуге әрекет жасаған.

Алайда дәрігерлер қауіпсіздік талаптарына байланысты денені беруден бас тартқан. Себебі Эболадан қайтыс болған адамның денесі вирус тасымалдаушы болып қала беретіндіктен, арнайы тәртіппен жерленуі тиіс.

Осыдан кейін марқұмның жақындары мен жергілікті жастар емдеу орталығына басып кіріп, ғимаратқа түрлі заттар лақтырған. Соның салдарынан өрт шығып, екі медициналық шатыр жанып кеткен.

Оқиға кезінде орталықта алты адам ем қабылдап жатқан. Кейін олардың барлығы басқа ауруханаға көшірілді. Зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.

Індеттен 130-дан астам адам көз жұмған

Мамандардың айтуынша, Африкада Эболаның жаңа ірі өршуі тіркелген. Бұл жолы індетке Бундибуджио вирусы себеп болған. Қазіргі уақытта оған қарсы арнайы ем де, вакцина да жоқ.

Ресми деректер бойынша, індеттен 130-дан астам адам көз жұмған. Алайда сарапшылар жұқтырғандар саны бұдан да көп болуы мүмкін екенін айтады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Конго мен Угандадағы Эбола індетіне байланысты халықаралық деңгейдегі төтенше жағдай жариялады. Бұған дейін мұндай жағдай Зика вирусы мен маймыл шешегі таралған кезде енгізілген болатын.

Қазіргі індеттің ошағы Конгоның Итури провинциясында тіркелген. Алғашқы өлім сәуір айының соңында анықталған.

Мамандар індет алтын өндіретін кен орындары маңында тарала бастаған болуы мүмкін деп болжайды.