homepage
Kirill Kukhmar/TASS

Кедейлік пен әлеуметтік теңсіздік: Қазақстанда қай өңірлерде жағдай күрделі

22.05.2026, 12:38

Қазақстанда 2025 жылы кедейлік деңгейінің негізгі көрсеткіштері өзгеріссіз қалғанымен, өңірлер арасындағы әлеуметтік айырмашылық әлі де айқын байқалады. Сарапшылардың мәліметінше, кей облыстарда кедейліктің тереңдігі мен табыс теңсіздігі айтарлықтай жоғары,  деп хабарлайды Juzmedia.kz.

ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің деректеріне сәйкес, ел бойынша кедейлік тереңдігі 0,8%, ал кедейліктің өткірлігі 0,2% деңгейінде сақталған. Сонымен қатар табыс теңсіздігін көрсететін Джини коэффициенті 0,296-дан 0,291-ге дейін төмендеген.

Қай облыстардағы жағдай алаңдатады?

Finprom.kz жазуынша, 2025 жылы ең күрделі жағдай Ұлытау облысында тіркелді. 

Маңғыстау облысы да кедейлік деңгейі жоғары өңірлер қатарында қалды. Мұнда кедейлік тереңдігі 1,3%-ға дейін өскен. Дегенмен өңірде табыс айырмашылығы салыстырмалы түрде төмен болып отыр.

Ал Қарағанды облысында барлық негізгі көрсеткіштердің нашарлағаны байқалған. Табыс теңсіздігі артып, кедейлік деңгейі де өскен.

Сондай-ақ Павлодар облысы табыс теңсіздігі ең жоғары өңір ретінде аталды. Мұнда байлар мен кедейлер арасындағы айырмашылық 7,5 еседен асқан.

Алматы мен Астанада теңсіздік азайған

Алматы мен Астанада кедейлік көрсеткіштері айтарлықтай өзгермегенімен, табыс теңсіздігі төмендеген. Мәселен, Алматыда Джини коэффициенті 0,315-тен 0,289-ға азайған.

Ал Шымкентте кедейлік деңгейі былтырмен салыстырғанда төмендегенімен, қала әлі де әлеуметтік жағдайы күрделі өңірлер қатарында қалып отыр.

Сарапшылардың мәліметінше, 2025 жылы кедейлік деңгейі ең төмен өңірлер Атырау облысы мен Жамбыл облысы болды. Екі өңірде де кедейлік тереңдігі 0,3% деңгейінде тіркелген.

Мамандар Қазақстандағы жалпы табыс теңсіздігі халықаралық стандарттар бойынша әзірге қалыпты деңгейде екенін айтады. Алайда өңірлер арасындағы әлеуметтік айырмашылық ел ішінде әлі де елеулі болып отыр.