Қоғам ауыр және аса ауыр қылмыстарға қатысты шыққан сот үкімдеріне көбіне резонанс тудырған істер кезінде ғана назар аударып жатады. Алайда мұндай істер – елдегі қылмыстық сот тәжірибесінің тек бір бөлігі ғана екені рас. Статистика көрсеткендей, кей жағдайда кісі өлтіру немесе зорлау секілді ауыр қылмыстар үшін заңда көрсетілген ең төменгі мерзімнен де аз жаза тағайындалып жатады, деп хабарлайды Juzmedia.kz..
ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің деректеріне сәйкес, 2025 жылы елде шамамен 30 мыңнан астам адам қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін сотталған. Олардың 38,2 пайызы ғана нақты бас бостандығынан айырылған. Қалғандарына бостандығын шектеу, айыппұл немесе қоғамдық жұмыстар секілді өзге жаза түрлері тағайындалған.
Даулы үкімдер
Ranking.kz жазуынша, аса ауыр қылмыс жасағандардың басым бөлігі түрме жазасын алады. Дегенмен кейбір іс қоғам көкейінде сауал туындатып жатады.
Мәселен, Қылмыстық кодекстің 99-бабы бойынша кісі өлтіргені үшін ең төменгі жаза – 8 жыл бас бостандығынан айыру. Соған қарамастан, өткен жылы мұндай баппен сотталғандардың бірі небәрі 1 жылдан 3 жылға дейінгі мерзімге сотталған.
Сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты зорлау немесе жәбірленушінің өліміне әкелген сексуалдық қылмыстар бойынша да әртүрлі үкім тіркелген. Заң бойынша мұндай қылмыстар үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанымен, кей сотталғандар 5–8 жыл немесе 15–20 жыл аралығында жаза алған.
Ресми есептерде соттың қандай жеңілдететін мән-жайларды ескергені нақты көрсетілмейді. Осыған байланысты сарапшылар кей үкімдердің қоғамда түсініспеушілік тудыратынын айтады.
Жалпы статистика бойынша, ауыр қылмыс жасағандардың көбі 3 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге сотталса, аса ауыр қылмыстар үшін ең жиі тағайындалатын жаза – 8 жылдан 20 жылға дейінгі түрме жазасы.
Сонымен қатар өткен жылы 67 адам өмір бойына бас бостандығынан айырылған.