Талғарда қайғылы қазаға ұшыраған 16 жастағы Шерзат Болаттың отбасына баспана меценаттың қаржысына сатып алынатын болды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бұл туралы қазақстандық құқық қорғаушы Айтбек Амангелді Instagram желісіндегі парақшасында мәлімдеді.
Құқық қорғаушының айтуынша, Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовтың отбасына арналған үй тек меценаттың қаражатына сатып алынып жатыр. Перизат Қайрат басқаратын Biz birgemiz қайырымдылық қорының бұрын жинаған ақшасы игерілмейді.
«Жиналған қаражатқа қатысты қосымша түсініктемелер:
1. Қаржаубайдың отбасы үшін үй меценаттың қаражатына сатып алынады, ал Перизаттың жинаған ақшасы бұл мақсатқа жұмсалмайды.
2. Біздің бұл жинаққа қатысымыз жоқ болғандықтан, оның реквизиттерін білмейміз.
3. Қазіргі уақытта пікірлерде әртүрлі реквизиттер пайда болуда, алаяқтық әрекеттерге жем болып қалмаңыздар. Реквизиттерді нақтылау үшін ақпартатты тікелей Перизатқа хабарласып алуға болады.
4. Бұл жинақтың мақсаты бізге белгісіз», - деп жазды құқық қорғаушы.
Оның айтуынша, Перизат Қайрат ешқандай қылмыстық іс бойынша жәбірленуші болып табылмайды.
«Ол біздің сенім білдірушіміз немесе қамқорлығымыздағы тұлға емес. Оның өз адвокаттары және қоғамдық қайраткерлері бар. Перизаттың ақша жинау актісін бізбен және Қаржаумен байланыстырмауларыңызды сұраймыз. Қаржаубайдың кеткен шығындары бойынша меценаттар өздері көмектеседі. Перизаттың реквизиттерін бізден, яғни адвокаттардан емес, оның өзіне сұрап біліңіздер», - деді құқық қорғаушылар.
Еске сала кетейік, 4 қазанға қараған түні Талғарда 16 жастағы Шерзат Болат бір топ адамның қолынан қаза болды. Оның өлімі халықтың наразылығын тудырды. Марқұмның әкесі туыстарымен және жергілікті тұрғындармен бірлесіп, әділ тергеуді талап етіп, наразылық акциясын ұйымдастырды.
Бірнеше күннен кейін, 12 қазанға қараған түні Нұрымовтар отбасының үйі жанып кетті. Бас прокуратура өрттің қасақана қойылғанын мәлімдеді, жергілікті билік отбасын уақытша баспанамен қамтамасыз етіп, тәулік бойы күзетпен қамтамасыз етті. Әкімдік те үйді қалпына келтіруге уәде берді.
Көп ұзамай, яғни 9 желтоқсанда Шерзаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевтың денесі Талғар қаласының шетінен табылды. Полицияның мәліметінше, ер адам өз-өзіне қол жұмсаған. 10 желтоқсанда Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов журналистердің келуін талап етті. Қоғамдық ортада ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 15 тәулікке қамауға алынды.
Қаржаубай Нұрымовтың әпкесі Бақыт Реймова “Митингке шақыру” бабы бойынша 15 тәулік қамауға алу және елден депортациялау жазасына кесілді.
Туған қарындасы Салтанат “Бұзақылық” бабы бойынша 20 АЕК (73 840 теңге) айыппұл төледі. Күйеубаласы да 15 тәулікке қамалды.
Одан бөлек Қаржаубай Нұрымовтың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Полиция мәліметінше, ол полиция көлігінің дөңгелегін жарғандықтан, “Бөтеннің мүлкін бүлдіру” бабымен іс тергеліп жатыр. 26 желтоқсан күні кешке Қаржаубай Нұрымов және Бақыт Реймова бостандыққа шықты.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.