homepage
Freepik

Жамбыл облысында қаржы пирамидасына қатысты тергеу басталды

22.05.2026, 10:23

ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаменті «ENVIDA AI» атауымен жұмыс істеген қаржы пирамидасын құру және оған жетекшілік ету фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Ведомство мәліметінше, жоба ұйымдастырушылары WhatsApp мессенджерінде «Еnvida ai ежедневный пассивный доход» және «Еnvida ai супер новый проект ежедневный пассивный доход» атты топтар ашып, азаматтарды жоғары әрі тұрақты табыс табуға болады деген уәдемен тартқан.

Тергеу барысында анықталғандай, жобаның маркетингтік жүйесі көпдеңгейлі модельге негізделген. Яғни, қатысушылардың негізгі табысы жаңа салымшыларды тарту арқылы қалыптасқан.

Ұйым өзін халықаралық экожүйе әрі нақты активтерге инвестиция құятын жоба ретінде таныстырған.

“Алдын ала мәлімет бойынша, қаржы пирамидасына 370-тен астам адам қатысқан. Салымшылар еліміздің бірнеше өңірінен анықталды. Атап айтқанда, Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Павлодар, Түркістан облыстары мен Алматы қаласының тұрғындары аталған жобаға қаржы салған”, – делінген ҚМА хабарламасында.

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.

Сонымен қатар агенттік азаматтарға қаржы пирамидаларының белгілерін тексеруге мүмкіндік беретін «Baiqa, piramida!» Telegram-боты жұмыс істейтінін еске салды.

Мамандар тұрғындарды сақ болуға және күмәнді қаржы ұйымдарына ақша салмауға шақырады. Егер сіз немесе жақындарыңыз осындай схемалардың құрбаны болса, тұрғылықты жердегі Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жүгіну қажет.