Алматы қалалық соты қоғам белсендісі әрі блогер Санжар Боқаевтың бұлтартпау шарасына қатысты жоғары инстанцияға жасалған шағымды қарап, оны қанағаттандырудан бас тартты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бұл туралы оның мүддесін қорғаушы адвокат Радмир Өтепов әлеуметтік желіде хабарлады.
Қорғаушы тараптың уәжін тыңдаған апелляциялық алқа бірінші сатыдағы тергеу сотының қаулысын заңды деп тапқан.
«21 мамырда сот қорғауымыздағы Санжар Омарұлы Боқаевтың қамау мерзімін ұзарту туралы тергеу сотының қаулысын күшінде қалдырды», – деп мәлімдеді адвокат.
Белсендіге қандай айыптар тағылып отыр?
Санжар Боқаевтың үстінен қозғалған қылмыстық іс аясында оны құқық қорғау органдары биылғы 18 наурызда қамауға алған болатын.
Тергеу тарапы мәлімдегенжей, ол жұртшылық арасында теріс қоғамдық пікір тудыру мақсатында көрінеу жалған мәліметтер таратумен айналысқан. Нақтырақ айтқанда, Боқаев әлеуметтік желідегі парақшаларында қалалық бақтарда ағаш оталып жатыр және құрылыс алаңдарында ұрлық белең алды деген мазмұндағы бейнежазбалар жариялаған. Құзырлы органдар бұл әрекеттердің артында материалдық мүдде тұруы мүмкін, яғни белсенді өзге тұлғаларды ақшалай ынталандыру арқылы осындай қадамдарға итермелеген деп күдіктенеді.
Бұған қоса, іс материалдарында оның үстінен ірі көлемдегі қаржылық алаяқтық пен бөтеннің мүлкін жымқыру деректері бойынша да айыптар көрсетілген.
Кейіннен Алматы қаласының тергеу соты қоғам белсендісі Санжар Боқаевқа қатысты қамау мерзімін 2026 жылдың 18 маусымына дейін ұзартқан болатын.
Айта кетейік, Санжар Боқаев отандық медиа кеңістікте экономикалық және әлеуметтік-саяси тақырыптарды, сондай-ақ мегаполис экологиясы мен урбанистика бағытын белсенді көтеріп жүрген блогер, сарапшы әрі қоғам қайраткері ретінде танымал.