Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында көпқабатты үйдің ауласында бір үйір бұралқы ит бес жастағы баланы талап тастаған. Бүлдіршінді қабаған иттерден кездейсоқ куәгер – көршісі арашалап үлгерген, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
«Мой город» басылымының жазуынша, жантүршігерлік оқиға 17 мамырда кешкі уақытта болған, алайда оқиғаның егжей-тегжейі енді ғана белгілі болып отыр. Зардап шеккен баланың анасы Назгүл Сандыбаеваның айтуынша, ұлы ойын алаңында ойнап жүрген кезде кенеттен оған жеті бірдей ірі төбет тап берген.
«Бес жасар ұлымның денесінің сау-тамтығы жоқ. Иттер оның санын, арқасын тілімдеп, қолдары мен саусақтарын қауып, қатты жарақаттап тастаған. Қазір бүкіл денесі жарақаттан көрінбейді. Бақытымызға орай, сол сәтте баланың айқайын көршіміз естіп қалыпты. Ол баламды иттердің ортасынан жұлып алып, үйге алып келді. Баламды дереу ауруханаға жеткіздік. Ұлыма сегіз жерден ота жасап, терісін тігіп, қажетті екпелерін жасады», – дейді анасы сол қорқынышты күндерді еске алып.
Қазіргі уақытта бала дәрігерлердің бақылауында. Анасының айтуынша, алғашқы тәуліктермен салыстырғанда баланың жағдайы жақсарған, бірақ бастан өткерген қорқыныш пен психологиялық соққы бала психикасына қатты әсер еткен.
Батыс Қазақстан облыстық Денсаулық сақтау басқармасы баланың денсаулық жағдайына қатысты әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
Баланың анасы бейбіт күнде балалардың өз ауласында еркін ойнай алмауына күйінеді. Ол бұл мәселені «хайп» үшін жазып отырмағанын, басқа ата-аналардың мұндай қасіретке ұшырауын қаламайтынын айтып, әкімдіктен шұғыл шара қолдануды талап етті.
Орал әкімдігі не дейді?
Қалалық әкімдік бұралқы жануарлар санын реттеу жұмыстары ҚР заңнамасына сәйкес қатаң жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Ресми мәліметке сүйенсек, сәуір айының басынан бері Оралда 283 ит ауланған. Оның 205-і міндетті түрде зарарсыздандырылып (стерилизация), вакцина салынып, чиптелгеннен кейін қала көшелеріне қайта жіберілген. Тағы 78 ит қайта вакцинациядан өткен.
«Аулау жұмыстары жануарларға зиян келтірмейтін және азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмейтін ізгілікті (гумандық) әдістермен жүзеге асырылады. Жұмыстар жануарлар шоғырланған жерлерді мониторингілеу және тұрғындардың өтініштері негізінде жүргізіледі», — делінген әкімдік хабарламасында.
Сонымен қатар шенеуніктер үй жануарлары иелерін иттерді серуендету ережелерін қатаң сақтауға және оларды бақылаусыз көшеге жібермеуге шақырды.
Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мәліметінше, өткен айда қалада ит қапқан бес ресми жағдайы тіркеліп, тұрғындардың шағымы бойынша екі жануар карантинге қойылған.
Тоқаев қол қойған жаңа заң
Батыс Қазақстан облысындағы бұл оқиға ел бойынша қаңғыбас жануарларға қатысты қалыптасқан жүйелі мәселенің бір көрінісі ретінде бағаланып отыр. Орал тұрғындары бірнеше жылдан бері бұл проблемаға алаңдаушылық білдіріп келеді. Тек өткен жылдың өзінде қалада 3 мыңға жуық адам ит шабуылынан зардап шеккен.
Мәжіліс депутаттары бұған дейін елде қолданылып келген «Аулау — Зарарсыздандыру — Вакцинациялау — Босату» (АЗВБ) бағдарламасының тиімсіз болғанын, соның салдарынан қаңғыбас иттер саны азаймай, керісінше, көбейіп кеткенін мойындады. Мысалы, өткен жылы республика бойынша 276 мыңнан астам бұралқы жануар ауланған.
2026 жылғы 19 мамырда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға енгізілген резонанстық түзетулерге қол қойды.
Жаңа заңға сәйкес:
Оралдағы бұл соңғы оқиға жаңа заң нормаларының дер кезінде қабылданғанын және мәселенің шұғыл шешім талап ететінін тағы бір мәрте көрсетіп отыр.