Жапонияның Хиросима префектурасындағы Хацукаити қаласының аумағында орналасқан, туристер мен зияратшылар көп баратын Миядзима аралындағы атақты Рэйкадо павильоны өртеніп кетті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Төтенше жағдай 20 мамырда таңғы саяхат кезінде, жергілікті уақытпен сағат 08:30 шамасында болған. Оқиға орнына жеткен 30-ға жуық өрт сөндіруші жалынды екі сағаттан кейін ғана ауыздықтай алған.
Өрт шамамен 30 шаршы метр аумақты шарпып, тарихи ағаш ғимаратты толықтай жойып жіберген және көршілес құрылыс пен маңайдағы орман алқабына зақым келтірген.
Зардап шеккендер жоқ. Оқиға салдарынан аралдағы аспалы жол жұмысы уақытша тоқтатылды.
Мың жылдық тарихы бар киелі орын
Рэйкадо павильоны Сингон Омуро мектебінің бас ғибадатханаларының бірі Дайсёин монастырына тиесілі. Бұл орын Жапония үшін өте маңызды мәдени-діни нысан саналады.
Аңыз бойынша, 806 жылы будда әулиесі Кукай (Кобо Дайси) мұнда тақуалық рәсімдер өткізу үшін «Киэдзу-но-хи» деп аталатын «мәңгілік алауды» жаққан. Содан бері бұл алау 1200 жылға жуық уақыт бойы үздіксіз жанып тұрған.
Айта кетерлігі, Хиросимадағы Мемориалды бейбітшілік саябағындағы «Бейбітшілік отының» негізгі бастауының бірі де осы алау болатын.
Бастапқыда ірі өрттен кейін киелі жәдігер толықтай жойылды деген қауіп болған еді. Алайда Дайсёин монастыры өкілдерінің мәлімдеуінше, қасиетті от толықтай өшпеген.
«Мәңгілік алаудың» бір бөлігі алдын ала қауіпсіздік мақсатында басқа ғимаратта сақталып келген. Сондықтан реликвия аман қалған әрі павильон қайта жөнделгеннен кейін діни дәстүр өз жалғасын табатын болады.
Бұрын да өртенген
Айта кетейік, Рэйкадо павильоны бұған дейін де, дәлірек айтқанда 2005 жылдың мамырында толық өртеніп кеткен болатын. Ол кезде өрттің шығуына ғимарат ішінде құрғақ бұтақтарды жағу кезіндегі ұқыпсыздық себеп болған деп болжанды.
Бұл оқиға Жапониядағы тарихи ағаш ғимараттардың, әсіресе таулы аймақтардағы инфрақұрылымы шектеулі діни нысандардың өрт қауіпсіздігі мәселесін қайтадан күн тәртібіне шығарды. 2026 жылдың басынан бері Жапонияның Эхиме, Ямагути, Тояма сияқты бірнеше префектурасында ескі ғибадатханалардың өртенуі жиілеп кеткен.
Сарапшылардың пікірінше, билік енді таулы және шалғай өңірлердегі ағаштан соғылған мәдени мұра нысандарын қорғау ережелерін барынша қатайтуды қолға алмақ.
Тағы бір айта кетерлігі, Рэйкадо орналасқан Миядзима аралы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Ицукусима кешенімен тығыз байланысты. Ондағы қасиетті отқа жылытылған су емдік қасиетке ие және ұзақ өмір сыйлайды деп сенгендіктен, бұл жер ішкі және сыртқы туризмнің негізгі орталығы саналады.
Дереккөз: nippon.com