homepage
Ақорда

Сыйлық, награда, пәтер: Президент мәдениет қайраткерлерін марапаттады

21.05.2026, 14:54

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде ұлттық мәдениетті дамытуға үлес қосып жүрген бір топ азамат жоғары мемлекеттік наградаға ие болғанын айтты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Президенттің айтуынша, қазақтың дәстүрлі өнерін ұзақ жылдар бойы насихаттап келе жатқан белгілі әнші әрі домбырашы Татьяна Бурмистрова «Отан» орденімен марапатталды.

Сондай-ақ Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова ІІ дәрежелі «Барыс» орденін иеленді. Ал Михаил Лермонтов атындағы Ұлттық орыс драма театрының актрисасы Марина Ганцева ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды.

Президент биыл жалпы 120 мәдениет және өнер қызметкері мемлекеттік марапатқа ие болатынын атап өтті.

Qoja Ahmet Yasaui ордені кімдерге табысталды?

Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Түркістанда мемлекеттік наградалар қатарына Qoja Ahmet Yasaui орденін енгізу туралы бастама көтергенін еске салды.

Президенттің сөзінше, бұл марапат Қазақстанның дамуына ерекше үлес қосқан отандық және шетелдік қоғам қайраткерлері мен ғалымдарға беріледі.

Мемлекет басшысы аталған орден алғаш рет Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған мен ЮНЕСКО-ның бұрынғы бас директоры Одрэ Азуле табысталғанын айтты.

Оның айтуынша, Одрэ Азуле Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, әсіресе Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қатысты жұмыстарға елеулі үлес қосқан.

Өнер иелеріне пәтер кілті табысталды

Президент мәдениет саласы өкілдерін әлеуметтік қолдау жалғасатынын да мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бүгін ұлт өнеріне үлес қосып жүрген бірнеше азаматқа пәтер кілті табысталды.

Мемлекет басшысы 2024 жылдан бері мәдениет және өнер қайраткерлеріне жалпы саны 200 пәтер берілгенін айтып, бұл бастама алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.