homepage
gov.kz

Тоқаев Ыбықты шатқалындағы оқиғаға пікір білдірді

21.05.2026, 14:23

Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде қоғамдағы вандализм мәселесіне тоқталып, Маңғыстау облысындағы Ыбықты сай шатқалында болған жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Мемлекет басшысы тарихи және мәдени нысандарға қасақана зиян келтіру фактілері соңғы уақытта жиілеп кеткенін айтты.

– Біз ойы озық, өркениетті ел боламыз десек, ең алдымен қоғамдағы мәдениетсіз әрекеттерге, жабайы мінез-құлық пен тағылыққа, яғни вандализмге түбегейлі тосқауыл қоюымыз керек. Өкінішке қарай, соңғы уақытта тарихи және мәдени нысандарға зиян келтіру жағдайлары көбейіп кетті. Мысалы, жақында ғана Маңғыстау облысының Ыбықты сай шатқалында болған оқиға бойынша құзырлы органдар қатаң құқықтық қорытынды шығаруы тиіс, – деді Президент.

Тоқаев мұндай заңсыз әрекеттерге қоғам болып қарсы тұру қажет екенін атап өтті.

Президенттің айтуынша, заңды құрметтеу, табиғатты қорғау, жауапкершілік пен жасампаз патриотизм қағидаттары қоғамдық санада берік орнығуы керек. Бұл қасиеттер әсіресе жастардың дүниетанымы мен мінез-құлқының дұрыс қалыптасуына негіз болуға тиіс.

– Өскелең ұрпақтың саналы, мәдениетті әрі жауапкершілігі жоғары азамат болып қалыптасуы аса маңызды, – деді Мемлекет басшысы.