homepage
Juzmedia.kz

Ақтөбе облысында терроризмді насихаттады деген экс-оқытушы сотталды

21.05.2026, 13:07

Ақтөбе облысында бұрынғы колледж оқытушысы діни алауыздықты қоздырды және терроризмді насихаттады деген айыппен 5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

38 жастағы ер адам соңғы жылдары Мұғалжар ауданындағы Қандыағаш ауылында тұрған. Тергеу мәліметінше, ол құрылыс алаңдарында адамдарға діни уағыз айтып, ислам діні туралы көзқарастарын таратқан.

Алайда оның уағызында өзге дін өкілдеріне қарсы күш қолдануды насихаттайтын, діни төзімсіздікке үндейтін пікірлер болғаны анықталған.

Сондай-ақ ол қарулы діни топтар құру қажеттігін айтып, зорлық-зомбылық әрекеттерін қолдаған.

Сот материалдарына сәйкес, ер адам христиандарды, буддистерді, шииттер мен сопылық бағыт өкілдерін «кәпірлер» қатарына қосып, оларға қатысты діни өшпенділік тудырған.

Оған Қылмыстық кодекстің 174-бабы («Діни алауыздықты қоздыру») және 256-бабы («Терроризмді насихаттау») бойынша айып тағылды.

Сот барысында айыпталушы радикалды идеология ықпалында болғанын, қателескенін және кінәсін толық мойындайтынын айтқан. Сонымен қатар ол төрт баланың әкесі екенін ескеріп, жеңіл жаза сұраған.

Сот оны кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

Белгілі болғандай, сотталған азамат бұған дейін Атырау политехникалық колледжінде физика және математика пәндерінен сабақ берген.

Оның айтуынша, дінге қызығушылығы намаз оқитын студенттермен араласқаннан кейін пайда болған, ал діни ақпараттарды интернет арқылы меңгерген.

Дереккөз: Halyqstan Телеграм-арнасы