homepage
gov.kz

Қарағандыда шетелдік студент жатақхана терезесінен құлап қаза тапты

21.05.2026, 11:25

Қарағанды қаласында медициналық университеттің 21 жастағы студенті жатақхана терезесінен құлап көз жұмды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Қайғылы жағдай 17 наурызда болғаны полицияның ресми жауабынан кейін ғана белгілі болды.

Марқұм Үндістан азаматы болған және халықаралық медицина факультетінің соңғы курсында оқыған. Ол өзі тұрған жатақхананың бесінші қабатындағы бөлме терезесінен құдап кеткен.

Қарағанды облыстық полиция департаментінің мәліметінше, студенттің өліміне байланысты сотқа дейінгі тергеу басталған.

– Тергеу аясында барлық қажетті сараптамалар мен тергеу әрекеттері жүргізілді. Жиналған материалдар мен сараптама қорытындылары негізінде қылмыстық іс заң талаптарына сәйкес тоқтатылды, – деді ведомствоның баспасөз қызметі.

Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға жазатайым жағдай ретінде қарастырылған.

Белгілі болғандай, студенттің мәйіті туған еліне жөнелтілген.

Ал университет басшылығы оқу орнындағы моральдық-психологиялық ахуал тұрақты екенін мәлімдеді. Сонымен қатар студентке қатысты буллинг немесе қысым көрсету деректері анықталмағаны айтылды.