homepage
Depositphotos.com

Қазақстандықтардың миллиардтаған теңге қарызы кешірілуі мүмкін

21.05.2026, 10:18

Қазақстанда жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты жарияланған амнистия аясында азаматтардың бірнеше миллиард теңге көлеміндегі айыппұлдары есептен шығарылуы мүмкін, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

ҚР Парламентінің Мәжілісі тиісті заң жобасын қарауға қабылдады. Республикалық референдум нәтижесінде қабылданған жаңа Ата Заңға орай әзірленген бұл құжатқа Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске және атқарушылық іс жүргізен сот орындаушыларының мәселелеріне қатысты қосымша өзгерістер де енгізілген.

Мәжіліс депутаты Снежанна Имашеваның айтуынша, заң жобасын Парламенттің осы сессиясы аяқталғанға, яғни депутаттар жазғы каникулға кеткенге дейін қабылдау жоспарланып отыр.

Қандай айыппұлдар кешіріледі?

Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева әкімшілік амнистия негізінен Ішкі істер министрлігі салған айыппұлдарға қатысты болатынын нақтылады.

«Айыппұлдардың нақты санын айту қиын, бірақ жалпы сомасы бірнеше миллиард теңгені құрайды. Оның шамамен 90 пайызы – ІІМ салған айыппұлдар. Көбіне жол қозғалысы ережелерін  бұзуға байланысты айыппұлдар», – деді депутат.

Оның айтуынша, қоғамдық қауіпсіздікке және адам өміріне тікелей қатер төндірмейтін құқықбұзушылықтар амнистияға ілігеді.

Кешірілетін айыппұлдар:

  • Көлікте қауіпсіздік белдігін тақпау немесе рөлде отырып телефон пайдалану секілді жағдайлар бойынша салынған айыппұлдар мен жиналып қалған өсімпұлдар толық сызылады.

Кешірілмейтін айыппұлдар:

  • Бағдаршамның қызыл шамына өту, жылдамдықты шамадан тыс асыру немесе мас күйде көлік жүргізу сияқты адам өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төндіретін өрескел заңбұзушылықтар амнистияға мүлдем кірмейді.

Амнистия кімдерге қатысты болмақ?

Заң жобасына сәйкес, әкімшілік амнистия тек жеке тұлғаларға ғана емес, сонымен қатар отандық кәсіпкерлерге (субъектілерге), адвокаттарға, жеке нотариустарға, қандастарға мен басқа да Қазақстан азаматтарына қолданылады.

Алайда бұл жердегі басты шарт: заң ресми түрде күшіне енген сәтке дейін төленбей қалған (орындалмаған) айыппұлдар ғана есептен шығарылады.

Сондай-ақ шығынды өтегендерге қылмыстық амнистия да қарастырылған.

Ауқымды құжатта тек әкімшілік емес, қылмыстық амнистия мәселесі де қамтылған.

Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әкімшілік амнистия Қазақстан тарихында алғаш рет жүргізілетінін мәлімдеген еді. Президент өткен жылы қылмыстық жауапкершілікке тартылған азаматтарға амнистия берілгенін, ендігі кезекте бұл тәжірибені қоғам қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін әкімшілік салаға да бағыттап, гуманистік қағидаттарды нығайту керек екенін айтқан болатын.

Депутаттардың пікірінше, бұл қадам азаматтардың иығындағы әлеуметтік және қаржылық жүктемені айтарлықтай жеңілдетуге мүмкіндік береді.