homepage
instagram/saule_bazarkhan

Алматыда пластикалық отадан кейін танымал блогер көз жұмды

21.05.2026, 09:34

Алматыдағы жеке клиникалардың бірінде танымал блогер әрі кәсіпкер Сәуле Базархан қайтыс болды. Марқұмның қазасын продюсер Гүлзира Айдарбпекова әлеуметтік желідегі парақшасында растады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Кейінірек Сәуле Базарханның қызы анасының 15 мамырда Almaty қаласындағы жеке клиникада жоспарлы липосакция операциясы кезінде көз жұмғанын мәлімдеді.

«Үш сағат бойы ешкім ештеңе айтпады»

Марқұмның қызы Алдияның айтуынша, дәрігерлер ота бір жарым сағатқа ғана созылатынын айтқан. Алайда уақыт өте бергенімен, туыстарына ешқандай ақпарат берілмеген.

– Бір сағат. Екі сағат. Үш сағат. Сұрақтарымызға ешкім жауап бермеді. Анамның қайтыс болғанын бізге тек кешкі сағат 18:00 шамасында айтты. Ал жедел жәрдем тек 19:00-де келген, – деп жазды ол желіде.

Туыстары дәрігерлер неге бірден хабар бермегенін, әйелді аман алып қалуға әрекет жасалды ма және жедел жәрдем неге кеш шақырылғанын анықтауды талап етіп отыр.

Қылмыстық іс қозғалды

Алматы полициясы 53 жастағы әйелдің өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалғанын растады.

– Бостандық аудандық полиция басқармасы аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Қажетті тергеу әрекеттері қолға алынды, – деп хабарлады ведомство.

Қазір клиника жұмысы уақытша тоқтатылып, ғимарат мөрленгені айтылды.

Клиника клиент қабылдауын жалғастырған

Марқұмның туыстары оқиғадан кейін де клиниканың әлеуметтік желі мен мессенджер арқылы жаңа клиенттерді қабылдауды жалғастырғанына наразылық білдірді.

HALYQSTAN Telegram-арнасының тілшілері WhatsApp арқылы клиникаға клиент ретінде хабарласқанда, мекеме қызметкерлері операция мен онлайн-консультация ұсынған. Ал Сәуле Базарханның өліміне қатысты сұраққа:

– Қазіргі уақытта клиникада бұл жағдайға байланысты ресми түсініктеме жоқ, – деп жауап берген.

Марқұм Сауле Базархан әлеуметтік желілерде миллиондаған аудиториясы бар блогер ретінде танылған. Туыстары оның өліміне қатысты әділ тергеу жүргізіліп, клиника жұмысы толық тексерілгенге дейін тоқтатылуын талап етіп отыр.