Біріккен Араб Әмірліктерінде (БАӘ) өмір бойына бас бостандығынан айырылған 22 жастағы қазақстандық азамат Ернұр Алмаханға нақты қандай айыптар тағылғаны белгілі болды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев ведомствода өткен брифингте шулы істің мән-жайын айтып берді,
Адам ұрлау және денсаулыққа ауыр зиян келтіру
Әмірлік тарапының ресми мәліметінше, Ернұр Алмахан БАӘ-нің құзырлы органдары 2025 жылы қозғаған қылмыстық іс бойынша айыпталушылардың бірі болып отыр.
Биылғы 18 наурызда Дубай қаласының бірінші сатыдағы соты отандасымызды қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыру және ірі көлемде айыппұл төлеу жазасын кескен.
«Аталған қылмыстық іс өте ауыр қылмыстар санатына жатады. Оның ішінде адам ұрлау, заңсыз бас бостандығынан айыру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, сондай-ақ адамның ар-намысы мен тыныштығына, қадір-қасиетіне қол сұғу фактілері бар», – деді СІМ ресми өкілі Ерлан Жетібаев.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ
СІМ өкілдерінің хабарлауынша, қазіргі уақытта бұл үкімге қатысты апелляциялық шағым берілген. Сол себепті Дубай сотының шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін, 22 сәуірде Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев та бұл жағдайға қатысты пікір білдіріп, қазіргі басты міндет – барлық сот процедурасын заң аясында аяқтау екенін айтқан болатын. Ол кезде экстрадициялау мәселесі қаралмаған.
Қазіргі уақытта сотталушының мүддесін адвокаттар қорғап жатыр, ал Қазақстанның Дубайдағы Бас консулдығы қажетті көмекті көрсетуде.
Іс Сыртқы істер министрлігі мен елшіліктің ерекше бақылауында тұр.
Сотталушының жеке басы анықталғанымен, БАӘ заңнамасына сәйкес істің басқа да егжей-тегжейі мен тергеу құжаттары жарияланбайды.
Шетелде қиындыққа тап болған қазақстандықтар көбейген
Брифинг барысында Ерлан Жетібаев соңғы кездері қазақстандықтардың шетелде иммиграциялық, визалық немесе кедендік ережелерді білмеуі салдарынан заң бұзып, үлкен қиындықтарға тап болу жағдайлары жиілеп кеткенін ашық айтты.
Құжаттардың дұрыс болмауынан ұшаққа жіберілмеу, болу мерзімін асырып алу және декларацияланбаған тауар тасымалдау деректері жиі тіркеліп жатыр.
Осыған байланысты Сыртқы істер министрлігі шетелге шығатын азаматтарға мынадай маңызды ережелерді қатаң сақтауды ұсынады:
«Қазақстанның дипломатиялық және консулдық мекемелері өз құзыреті шегінде азаматтарға құқықтық көмек көрсетеді.
Дегенмен әрбір азамат баратын елінің заңдарын сақтауға өзі толық жауапты. Баршаңызды сапарларыңызды жауапкершілікпен жоспарлауға шақырамыз», – деп түйіндеді СІМ ресми өкілі.