Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Германияда тыңшылық күдігімен ұсталған Қазақстан азаматына қатысты ақпаратты растады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ведомство мәліметінше, қазақстандық азамат 29 сәуірде Германияның құзырлы органдары тарапынан ұсталған.
– Германия Федеративтік Республикасының құзырлы органдары ұсынған ақпаратқа сәйкес, 29 сәуірде Қазақстан Республикасының азаматы барлау қызметіне қатысы болуы мүмкін деген күдікпен ұсталды, – деп хабарлады министрлік.
Сыртқы істер министрлігі өзге ақпараттардың құзырлы органдар желісі арқылы қаралатынын атап өтті.
Қазақстандық дипломаттарға жүгінбеген
СІМ ресми өкілі Ерлан Жетібаев ұсталған азаматтың Қазақстанның елшілігіне немесе консулдық мекемелеріне көмек сұрап жүгінбегенін айтты.
– Аталған азаматтың өзі де, оның Германиядағы қорғаушылары да Қазақстанның елшілігі мен консулдық мекемелеріне өтініш жасаған жоқ, – деді ол брифинг барысында.
Министрлік күдіктінің жеке басы анықталғанын, алайда Германия заңнамасына байланысты оның аты-жөні жарияланбайтынын мәлімдеді.
Ақпарат алғаш рет неміс басылымында шыққан
Еске салайық, сәуір айының соңында Der Spiegel басылымы Германия прокуратурасына сілтеме жасап, ұсталған қазақстандықты Ресей тыңшылығына байланысы болуы мүмкін адам ретінде тергеу қарастырып жатқанын хабарлаған еді.
Осыдан кейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Германияның құзырлы органдарына ресми сауал жолдаған болатын.